2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстаннан өзге елдерге автокөлік арқылы жүк жеткізуге берілген өтінімдер саны екі есе азайды. Ал импортқа деген сұраныс, керісінше, қайта өсімге өтті. Сондай-ақ ішкі тасымалдарға сұраныс артып келеді. Мұндай нарықтық үрдістер халықаралық ATI.SU жүк тасымалы биржасы өз деректерінің аналитикасы негізінде бөлісті.
ATI.SU жүк тасымалы биржасына орналастырылған экспорттық тасымалдарға берілген өтінімдер саны 2025 жылдың үшінші тоқсанында өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 54%, ал алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 14% азайған. Баға да төмендеді — жылдық есеппен 15%.
Мұндай айтарлықтай құлдырауға ең көп әсер еткен бағыттар — Ресей мен Беларусь. Ресейге тасымалдауға берілген өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 57%, Беларуське 54% азайған.
Бұл — айқын өзгеріс белгісі. Егер жылдың алғашқы жартысында экспорттық тасымалдарға сұраныс айтарлықтай артқан болса (өтінімдер саны 59% көбейген), енді керісінше бағыт байқалып отыр.
Ал импорттық тасымалдарда, керісінше, жағдай оң арнаға ауысқан. Қазақстанға жүк жеткізуге берілген өтінімдер саны екінші тоқсанмен салыстырғанда 80%-ға артқан, бұл жылдық есепте де өсім әкелді — 24%. Баға динамикасы да тасымалдаушылар үшін қолайлы болды: жылдық өсім +14%, ал екінші тоқсанмен салыстырғанда +8%.
Статистикаға дәстүрлі түрде ең ауқымды ресейлік және белорусьтік бағыттар елеулі әсер етті. Мәселен, Ресейден жеткізілімдерге берілген өтінімдер саны жылдық есеппен 23%, ал екінші тоқсанмен салыстырғанда 82% артқан. Беларусьтен импортқа сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 73% өскен.
Сонымен қатар ішкі тасымалдарға сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. Үшінші тоқсанда өтінімдер саны жылдық есеппен 36%, ал екінші тоқсанмен салыстырғанда 8% артқан. Ал 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша, ішкі жүк тасымалына берілген өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57% көбейген.
«Ресей мен Беларуське тасымалдарға сұраныстың азаюына ең алдымен санкцияға ілінген тауарларға қатысты шекаралық бақылаудың күшеюі әсер етті. Қыркүйекте Ресей шекарасында ұзын-сонар кептелістер пайда болды. Ал импорттық тасымалдарға сұраныс, әсіресе Ресей бағыты бойынша, қайта жанданды. Мұнда валюта бағамдарының өзгерісі де ықпал етуі мүмкін. Екінші тоқсанда рубльдің күшеюі Ресейден импортты тежесе, үшінші тоқсанда рубльдің аздап әлсіреуі жеткізілімдерді анағұрлым тиімді етті», — дейді халықаралық ATI.SU жүк тасымалы биржасының Қазақстандағы директоры Рената Зобова.
ATI.SU биржасының көрсеткіштері ресми статистикадан асып түседі, себебі бұл тек нарықтағы нақты сұраныстың өсуімен ғана емес, сонымен қатар Биржаның қатысушылар арасындағы танымалдығының артуымен де байланысты.
Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында жүк тасымалының көлемі жылдық есеппен 1,8%, ал автокөлік көлігінің жүк айналымы 31,5% артқан.