Қазақстандықтардың шетелге 500 мың теңгеден көп аударымдары күдікті болып саналатын болады. Бұл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулы жобасында айтылған.
28 наурызда агенттік порталында алаяқтықпен, ақшаны жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен күресудің жаңа шаралары көрсетілген қарар жобасын жариялады.
Қаулыдағы тармақтардың бірінде: «КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын банктің қызметтеріне, сондай-ақ оларды ұсыну әдістеріне мыналар жатады: трансшекаралық төлемдер және (немесе) жеке тұлғалардан 500 мың теңгеден астам сомаға ақша аударымдары».
Бұл тармақ жеке тұлғалардың 500 мың теңгеден астам сомаға трансшекаралық төлемдері мен ақша аударымдары қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату (КЖ) және терроризмді қаржыландыру (ТҚ) тәуекелінің жоғарылау факторы ретінде қарастырылатынын білдіреді.
Басқаша айтқанда, егер адам шетелге ірі көлемде ақша аударса, банк мұндай операцияны күдікті деп санап, қосымша тексерулер жүргізе алады.