Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өтіп жатқан Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумында Владимир Путинге былай деді:
«Әрине, біз вакуумда немесе оқшауланған жағдайда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әлемде болып жатқанның бәрі бізді қатты алаңдатады. Оның үстіне, түрлі ықпалдардың аясындамыз, ең алдымен бұл Қазақстан экономикасына әсер етеді. Сондықтан бүгінгі форумның тақырыбы – көлік пен логистика, цифрландыру – өте өзекті екенін айттым. Негізі қазір әлемдегі ең басты тақырып – тіпті энергетикалық ресурстар емес. Қазіргі басты мәселе – осы ресурстарды қалай тасымалдау, халықтардың әл-ауқаты үшін сауданы қалай тиімді пайдалану.
Жасыратыны жоқ, маған Еуропадан да, Америка Құрама Штаттарынан да көптеген сигналдар түсіп жатыр. Бұл туралы сізге телефон арқылы да айтқанмын. Ол сигналдар Украина мен Ресей арасындағы қазіргі қақтығысқа қатысты.
Білесіз, мен басынан-ақ бұл мемлекетаралық қақтығыс екенін айттым. Бұл жерде қандай да бір азаматтық соғыс туралы сөз болып отырған жоқ.
Біз әрдайым украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне құрметпен қарадық. Алайда бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, оның ішінде бізге де толық түсінікті емес деп санаймыз.
Мысалы, Әзербайжан мен Армения арасындағы, оның ішінде ұзақ уақытқа созылған үзілісте болған қақтығыстың шығу төркіні бізге анық болатын, себебі оның тарихи негізі бар еді. Ал бұл жағдайды түсіну әлдеқайда қиын. Сонымен бірге сіздің Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық икемділіктің барынша жоғары деңгейін көрсеткеніңізді білемін.
Бұл – тек менің қарапайым пікірім. Маған осы жөнінде жиі жүгінеді. Бәлкім, бұл қақтығысты тоқтатып, «Стамбұл формуласы 2.0»-ге қайта оралған жөн шығар. Өйткені онда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген болатын. Кейін, әрине, Ресейді қоса алғанда ұлы державалардың кепілдігімен ұзақ күткен бейбітшілікке қарай қадам жасауға болады.
Қазақстан бұл мәселеде сыртқы бақылаушы ел емес. Бірақ барлық ұсыныстар мен үндеулерге қарамастан, мен араағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Себебі Ресей – ұлы мемлекет, орыс халқы – ұлы халық. Олар күн тәртібіндегі мәселелерді ешқандай делдалсыз-ақ өздері шеше алады деп білемін.
Дегенмен өзімнің қарапайым пікірімді дәл бүгін айтуды жөн көрдім. Өйткені жұрт менің Омбыға келетінімді, біздің кездесуіміз өтетінін білді. Олар осы жағдайдан шығудың жолы туралы өз пікірімді жеткізуді өтінді. Шынын айтқанда, бұл жағдайдан қалай шығу керектігін ешкім нақты білмейді, өйткені тараптардың өз ұстанымдары бар. Бірақ екінші жағынан, қақтығысты уақытша тоқтатып қою мүмкіндігі де бар. Бұл халықаралық тәжірибеде қолданылған тәсіл. Өйткені жастардың қаза табуы өкінішті. Олар – Ресей мен Украинаның бауырлас халықтарының генофонды. Мұның бәрін тоқтату қажет. Менің берік сенімімше, қазіргі жағдай Ресейдің де, Украинаның да қарсыластарының мүддесіне жұмыс істеп отыр.
Соңында Қазақстанның Ресейге қатысты ұстанымы жөнінде айтарым: еш күмәнданбаңыздар, біз әрдайым Ресейді ұлы мемлекет деп санадық және солай санаймыз. Мұны барлық халықаралық форумдарда айтып жүрмін. Біз Ресеймен стратегиялық ынтымақтастыққа және одақтастық қатынастарға қандай қиындық болса да адалмыз. Бүгінгі форум соның айқын дәлелі. Рахмет».