Абай облысы Мақаншы ауданының Бақты ауылында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Port Baqty» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты.
Бақты мультимодальды құрғақ порты Достық және Қорғас өткелдерінен кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелі болады. Жаңа логистикалық торап Қазақстан–Қытай шекарасының өткізу қабілетін жылына қосымша 20–25 млн тоннаға арттырып, қолданыстағы өткелдердің жүктемесін азайтады.
Терминалдың жобалық қуаты – жылына 1 млн контейнер. 2032 жылға қарай оның 700 мың контейнерге дейінгі көлемін игеру жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңінде 210 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынып, 200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қаржыландыру жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Кешен құрамында контейнерлік және астық терминалдары, қойма кешендері, кедендік және логистикалық инфрақұрылым, автокөлік терминалы мен сервистік нысандар салынады. Сонымен қатар жалпы ауданы 50 мың шаршы метрге дейін жететін бондтық қоймалар қарастырылған.
Құрылыс кезеңінде 800-1200 адам жұмыспен қамтылады. Терминал толық іске қосылғаннан кейін 500-1000 тұрақты жұмыс орны құрылып, сервистік салалардың дамуы есебінен ауданда тағы 1500–2000 жаңа жұмыс орны пайда болады.
Жоба құрамында вахталық және шақырылған қызметкерлерге арналған 200 орындық қонақүй кешені салынады. Оның құрамында асхана, кір жуу орны, спорт залы және тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық пункт қарастырылған.
Инвестициялық бастаманы іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланған.
Қазіргі уақытта нысанды орналастыру үшін Мақаншы ауданы Бақты ауылдық округі аумағынан 150 гектар жер учаскесі белгіленді. Бастаманы жүзеге асыру бойынша жобалау, ұйымдастыру және дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.