Қазақстанда 4,2 мың апатты және тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Олардың тұрғындарын жаңа баспанаға көшіру үшін шамамен 3,2 трлн теңге инвестиция қажет.
Бұл туралы ОКҚ-дағы брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәліметтерді жергілікті әкімдіктер ұсынған.
Тұрғын үйді үлестік құрылыс арқылы жаңартудың жаңа тетігі
Бұған дейін Президент апатты және ескі тұрғын үйлердің 40 мың меншік иесін жаңа баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта құрылыс салушыларды тарту үшін Жер кодексіне, Құрылыс кодексіне және бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді.
Жаңа тетікке сәйкес, бірыңғай оператордың кепілдігі енгізіледі. Ол құрылыс компанияларына тұрғын үйді жаңартуды үлестік құрылыс механизмі арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» (ҚТҮК) үлескерлерге тұрғын үйдің қандай жағдай болмасын аяқталып, пайдалануға берілетініне кепілдік береді.
Ескі үйлердің тұрғындары пәтерлерін «бөлме – бөлмеге» қағидаты бойынша жаңа баспанаға айырбастай алады. Ал құрылыс салушылар ҚТҮК кепілдігін пайдаланады.
Механизм бойынша құрылыс компаниясы алдымен ҚТҮК-пен кепілдік туралы шарт жасасады, тұрғындармен келіссөз жүргізіп, мүлікті беру жөніндегі келісімдерін алады. Осыдан кейін ескі үй сүріліп, жаңа тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Реновация қалай жүріп жатыр?
2023–2025 жылдары Қазақстанда 291 апатты көпқабатты тұрғын үй сүріліп, 4 996 меншік иесі жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Осы кезеңде тұрғындарды көшіру үшін 132 жаңа тұрғын үй салынды.
2023 жылы жоспарланған 77 үйдің 75-і сүріліп, 52 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1 010 меншік иесі жаңа пәтер алды.
2024 жылы жоспардағы 121 үйдің 115-і сүрілді, 80 жаңа тұрғын үй салынды және 1 381 меншік иесі қоныс аударды.
2025 жылы жоспарланған 227 үйдің 101-і сүрілді. Оның ішінде 62-сі жеке инвесторлар есебінен, 39-ы жергілікті бюджет қаржысына бұзылды. Жаңа баспанаға 2 605 меншік иесі көшірілді.
2026 жылға жоспар
Биыл Қазақстанда 224 апатты көпқабатты тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың 44-і бұзылған.
Тұрғындарды көшіру жергілікті бюджет есебінен жалғасып жатыр. Ол тұрғындарға өтемақы төлеу немесе қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алып беру арқылы жүзеге асырылады.