Қазақстан премиум нарық – Парсы шығанағы елдеріне экспортты ұлғайту үшін қой етінің өндірісін үш есеге арттыруы керек. «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков осылай дейді.
Сарапшы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап, 2024 жылдың 10 айында (қаңтар-қазан) Қазақстан 45 млн 342 мың долларға 13 302,7 тонна жаңа сойылған және салқындатылған қой етін экспорттағанын айтты, яғни экспорттың орташа құны килосына 3,41 доллар болған. 2024 жылдың алғашқы он айындағы доллардың орташа құны 460 теңге болса, экспортқа сатылған қой етінің килосы шамамен 1,6 мың теңге болған.
Дегенмен, экспорт құрылымы біркелкі емес. Өзбекстан 26 млн 815,2 мың долларға 10 452,8 тонна қой етін килосына орташа есеппен 2,56 доллардан, яғни шамамен 1,2 мың теңгеден сатып алса, Иран мен Араб елдері (БАӘ, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы) 18 млн 283 мың долларға 2 791,3 тонна қой етін сатып алды. Килосы бұл елдерге 6,55 доллардан, яғни шамамен 3 мың теңгеден кеткен.
Ең жоғары бағаны Кувейт берді, ол елге 2 млн 807,9 мың долларға 369 тонна қой еті килосына 7,61 доллардан, яғни шамамен 3,5 мың теңгеден сатылған.
Яғни, араб елдеріне жеткізілетін қазақ қойының 1 килосының экспорттық бағасы Өзбекстанға жөнелтілетіннен үш есеге жуық жоғары.
«Қазақстанда жылына 500 мың тоннаға жуық қой етін өндіруге болады. Мысалы, 2023 жылы елде 155 мың тонна сойылған қой еті өндірілді. Көрсеткішті үш есе арттыруға болады. 20 млн адамға шаққанда ішкі сұраныс 200 мың тонна, тиісінше бұл 300 мың тоннаны сыртқа сатуға болады. Килосына 7,5 доллар десеңіз, қой етінен жылына 2,25 млрд доллар табыс табуға мүмкіндік бар», — дейді Төлеутай Рахымбеков.