Каспий арқылы теміржол вагондары қатынайды

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алимирзамин Алескеровпен және AZCON Holding өкілі Шахин Бабаевпен кездесуі өтті.

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту және «Каспий көпірі» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жоба аясында паромдар теміржолдың жалғасы ретінде пайдаланылмақ. Бұл вагондарды Каспий теңізі арқылы жүкті түсіріп, қайта тиеусіз жеткізуге мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – жылына 8 млн тонна жүк тасымалдауды қамтамасыз ету. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10–12 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.

Әзербайжан делегациясының сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен AZCON Holding жобаны дайындау және іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ Алят портында бірлескен интермодальды жүк терминалын құрудың негізгі шарттары туралы құжатқа (Term Sheet) қол қойды.

Тараптар бірлескен терминалдар желісін құру, локомотив және кеме жасау салаларындағы өндірістік ынтымақтастықты дамыту, тариф саясаты және жүктерді Еуропаға жеткізу уақытын қысқарту мәселелерін де қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады. Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – Орта дәліздің өткізу мүмкіндігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау тиімділігін күшейту.