«Қазақстанда жасалған» өнім әлемдік нарықты қалай бағындырмақ?

«Қазақстанда жасалған» өнім әлемдік нарықты қалай бағындырмақ?

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені, оның ішінде алма өндірісі қарқынды даму кезеңін бастан өткеріп жатыр: мемлекеттік субсидиялар көбейіп, алма бақтарының аумағы кеңейіп, әйгілі «Апорт» сорты қайта түлеп келеді. Десе де, агросектордың алдында бұдан да ауқымды міндет тұр, ол – жиналған өнімді жай ғана сатып қана қоймай, оны 100% қалдықсыз терең өңдеп, жоғары қосылған құнды өнімге айналдыру.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, Қазақстандағы алма бақтарының жалпы аумағы 26,2 мың гектарға жетіп, жылдық жиналған өнім көлемі 205,2 мың тоннаны құрады (орташа өнімділік гектарына 83,9 центнер). Алма бақтарының негізгі массивтері Түркістан (13,4 мың га), Алматы (6,3 мың га), Жетісу (3 мың га) және Жамбыл (1,4 мың га) облыстарында шоғырланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, саланы мемлекеттік кешенді қолдаудың арқасында минералдық тыңайтқыштарға (60%-ға дейін), көшеттерге (50%-ға дейін), суару жүйелеріне (80%-ға дейін) және интенсивті бақ отырғызуға (40%-ға дейін) берілетін субсидиялардың арқасында ішкі нарықтың тұтыну сұранысын отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейі 74%-ға жетті. Сонымен қатар, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» Талғар филиалы жүргізіп жатқан «Апорт» сортын қайта түлету жобасы (2 080 көшет өсіріліп, 10 га алқап отырғызылды) отандық бағбандықтың әлеуетін одан әрі арттыра түспек.

Сонымен бірге, өңдеу саласында да өсім бар: 2025 жылы елімізде 19,6 млн литр алма шырыны өндірілсе, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 12,6 млн литрді құрады.

Алайда алма бақтарының кеңеюі мен өнімділіктің өсуі жаңа жүйелік түйткілді алға тартты. Жинап алған өнімнің едәуір бөлігі стандартқа сай келмеуінен (3-сұрыпты немесе ұсақ өнім) немесе сақтау мерзімінің қысқалығынан бұзылып, ысырап болады. Тек шикізат немесе стандартты шырын сату – төмен маржалы бизнес. Бағбандардың еңбегін ақтау үшін жиналған өнімнің әрбір грамын өңдейтін қуатты зауыттар ауадай қажет.

Дәл осы инфрақұрылымдық зәрулікті шешу үшін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылында «Qazaq Global Food JV» ЖШС зауыты ресми түрде іске қосылды. Жобаның жалпы инвестициялық құны 9,47 млрд теңгені құрайды. Мұндағы қаржыландыру моделі мемлекет пен жеке капиталдың синергиясын көрсетеді. Жобаға Қазақстан Даму Банкі (7,12 млрд теңге жеңілдетілген несие ), Даму» қоры (2,8 млрд теңге кепілдік сомамен) және инвестор (2,35 млрд теңге жеке қаржысымен) қатысып жатыр.

Кәсіпорынның жобалық өңдеу қуаттылығы жылына 70 мың тоннаға дейін жеміс-жидек пен көкөністі құрайды. Бірінші кезеңде зауыт жыл сайын: 6 150 тонна концентраттар (концентрированный шырын) мен 6 700 тонна жеміс пен көкөніс пюресі мен пастасын шығаруды көздеп отыр.

«Жобаның басты артықшылығы – стратегиялық серіктес туріктің Göknur Gıda компаниясымен ұзақ мерзімді off-take келісімшартының жасалуы. Бұл өнімнің 100% экспортқа бағытталуын қамтамасыз етіп, сату тəуекелін құрылыс кезеңінде-ақ нөлге түсірді. Сонымен бірге зауыт бірінші кезеңде 96 тұрақты жұмыс орнын ашып, 10 жылда бюджетке 10,2 млрд теңге салық түсімін береді деп болжанады», - дейді жобаның иесі Самат Балабеков.

Зауыт «қалдықсыз өндіріс» тізбегімен жұмыс істейтіндігі екенін атап өту қажет. Алматы облысында іске қосылған «Qazaq Global Food JV» зауыты мен пектин өндірісінің синергиясы отандық агросекторды шикізаттық модельден нөлдік ысырап пен жоғары технологиялық индустрияға өткізетін басты драйверге айналмақ.

Алмадан шырын мен пюре сығып алғаннан кейін орасан зор көлемде алма сығындысы (жмых) қалады. Әдетте бұл қалдық өртеледі немесе полигондарға тасталып, экологияға салмақ түсіреді. Ал заманауи «Green Economy» моделінде бұл қалдық – «жасырын ақ алтын» болып табылатын пектин өндірісінің басты шикізаты.

Компания бұл мәселенің шешімін ұсынып отыр. Алма өңдеудегі «Zero Waste» концепциясы арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме жойылады.

Сонымен қатар тікелей алма сатудың рентабельділігі төмен болса, концентрат жасау оның құнын бірнеше есеге арттырады. Ал зауыт қалдығынан пектин (фармацевтикада капсулалар мен дәрілерге, тамақ өнеркәсібінде джем, мармелад, йогуртқа қажетті бағалы ингредиент) бөліп алу – қосылған құнды ең жоғары шекке жеткізеді.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін пектинді толығымен сырттан импорттап келсе, мұндай терең өңдеу кластері елді аграрлы-шикізаттық мемлекеттен жоғары технологиялық бірегей ингредиенттер дайындаушы елге айналдырады.

Зауыт жылына 70 000 тоннаға дейін жергілікті бағбандардан шикізат қабылдап, өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл ретте зауытқа ірі шаруашылықтармен қатар алманы шағын көлемде өсіретін бағбандар да тапсыра алады. Сондай-ақ кәсіпорында жылына 6 150 тонна концентрленген жеміс шырындарының өндірісі, 6 700 тонна жеміс-жидек пен көкөніс пюресі мен пастасын өндіріп, экспорттау көзделген. Ал жобаның әлеуметтік тиімділігі туралы айтатын болсақ, жергілікті халыққа 100ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашып, алдағы он жылда бюджетке 10,2 миллиард теңге салық төлемек.

Осылайша, «Qazaq Global Food JV» зауытының іске қосылуы – Еңбекшіқазақ ауданы мен Алматы облысының бағбандары үшін 70 мың тонна кепілді сұраныс нарығы. Бұл – мемлекет бөлген субсидиялардың, саладағы ғылыми зерттеулердің және даму институттары салған инвестициялардың ақталған нақты нәтижесі деп айтуға негіз бар.

Алма өсіруден бастап, оны сақтау, концентрат/пюре жасау және қалдығынан пектин шығаруға дейінгі толық циклді агроөнеркәсіптік кластер Қазақстанның агросекторын шикізат тұзағынан құтқаратын нақты экономикалық модель бола алады.