Қытай транскаспий жолын дамытуға қаржы салады

Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту үшін бірлескен инвестициялық қор құру мәселесін пысықтап жатыр. Қордың бастапқы нысаналы капиталы 200 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумының аясында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың қаржы министрі Лань Фоаньмен кездесті.

Кездесу барысында қор құру бастамасы талқыланды. Оны Қазақстан тарапы биыл шілдеде Шанхайда өткен екі ел басшыларының кездесуінде ұсынған болатын. Қазір Қазақстан-Қытай тікелей инвестициялар қорын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның бастапқы капиталы 200 млн долларға дейін жоспарланған. Кейін бұл соманы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.

Серік Жұманғарин қорды іске қосуды жеделдету үшін екі елдің жауапты қаржы институттарын анықтап, олардың ортақ жұмыс тәсілдерін әзірлеуді ұсынды.

Вице-премьердің айтуынша, қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы жобаларды қаржыландыруға арналған үш негізгі құрал қалыптасып жатыр:

  • Kazakh Invest Fund – Silk Road Finance Corporation қатысуымен;

  • Қазақстан-Қытай тікелей инвестициялар қоры – «Бәйтерек» холдингі мен Silk Road Fund қатысуымен;

  • Қарыздық және сақтандыру арқылы жобалық қаржыландыру тетіктері – «Бәйтерек», Қазақстанның Даму банкі, China Development Bank, China EximBank, Bank of China, ICBC және Sinosure қатысуымен.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин жаңа ұйым құрмай-ақ, осы қаржы құралдарын бірыңғай қазақстандық-қытайлық жобалық қаржыландыру және сақтандыру тетігіне біріктіруді ұсынды.

Бұл тәсіл басым жобаларға ұзақ мерзімді несие, сақтандыру, кепілдік, юаньмен қаржыландыру және қажет болған жағдайда үлестік инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Ұсынылған тетікті сынақтан өткізу үшін бірнеше пилоттық жоба таңдалып, оларға инвестициялық шешім қабылдаудан бастап толық қаржыландыруға дейін қолдау көрсету жоспарланып отыр.

Кездесуде Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен (China EximBank) ынтымақтастықты кеңейту мәселесі де талқыланды. Тараптар Қазақстанның көлік және коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық жобаны қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.