Қазақстанда жеке тұлғалардың бағалы қағаздармен жасалған операцияларынан түскен табысына салынатын жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу автоматтандырылады. Бұл жұмысты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) пилоттық жоба аясында жүзеге асырады.
Жоба 2026 жылғы желтоқсанда бір ай бойы жүргізіледі. Оны іске асыру тәртібі мен мерзімін Қаржы министрі Мәди Тәкиев бекіткен.
Пилоттық жобаның мақсаты – МКК әзірлеген Stock market Tax View арнайы қосымшасын сынақтан өткізу. Бұл жүйе бағалы қағаздар құнының өсуінен түскен табысты декларациялау процесін жеңілдетіп, ЖТС-ты автоматты түрде есептейді және салық есептілігін алдын ала толтырады.
Жоба аясында брокерлер МКК-ның сұрауы бойынша ерікті түрде Excel форматында жеке тұлғалардың бағалы қағаздар қалдығы, олармен жасалған операциялар және бағалы қағаз иелері туралы мәліметтер ұсынады. Брокерлер бұл ақпаратты сұрау алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде беруге тиіс.
Алынған мәліметтер Stock market Tax View қосымшасына жүктеліп, жүйе азаматтардың бағалы қағаздармен жасалған операцияларынан түскен табысқа салынатын ЖТС-ты есептейді. Сонымен қатар 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны алдын ала толтырады.
Декларацияны азаматтар өздері тексереді
Алдын ала толтырылған декларация салық төлеушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Азаматтар ондағы мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзете алады.
Егер көрсетілген ақпаратпен келіссе, декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсырады. Сондай-ақ азаматтардың декларацияны өз бетінше дұрыс мәліметтермен толтыруына немесе қосымша декларация ұсынуына мүмкіндік беріледі.
МКК-ның жеке тұлғалардың деректерімен жұмыс істейтін қызметкерлері дербес деректерді қорғау, салық құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты сақтау талаптарының орындалуына жауапты болады.