Өндіріс артып, уран қымбаттаса да Қазатомөнеркәсіп пайдасы азайды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы шоғырландырылған қаржылық есебін жариялады. Есеп тәуелсіз аудитордың қорытындысынсыз ұсынылған.

Әлемдегі ең ірі уран өндірушінің түсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,4% өсіп, 1,39 трлн теңгеге жетті. Алайда компанияның таза пайдасы 10,2% азайып, 478,7 млрд теңгені құрады. Ал «Қазатомөнеркәсіп» акционерлеріне тиесілі пайда 23,3% төмендеп, 320,2 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Уран сатудан түсетін табыс өсті

Есепті кезеңде табиғи уранды сату көлемі 10% артты. Сонымен қатар уранның орташа сату бағасы 17% өсіп, бір фунты 62,97 доллардан 73,51 долларға дейін көтерілді.

Соған қарамастан, өнімнің өзіндік құны 19,2% өсіп, 766,8 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде салық шығындары екі есеге жуық көбейіп, 140,3 млрд теңгені құрады. Бұған пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) мөлшерлемесінің өзгеруі және уранның нарықтық бағасының өсуі әсер еткен.

Теңгенің нығаюы да компанияның қаржылық нәтижесіне кері ықпал етті. Валюта бағамының өзгеруінен болған шығын 48,8 млрд теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 1,5 млрд теңге болған.

Қытайға сатудан түсетін түсім азайды

Қытай «Қазатомөнеркәсіптің» ең ірі өткізу нарығы болып қала береді. Алайда қытайлық сатып алушылардан түскен табыс 13,3% төмендеп, 619,5 млрд теңгені құрады.

Ал Ресейге уран сатудан түскен түсім 2,5 есе өсіп, 234,2 млрд теңгеге жетті. АҚШ нарығынан түскен табыс та 29,4% артып, 160 млрд теңгені құрады.