Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) орташа бағасы бір жылда 2,1% өсті. Алайда жекелеген қалаларда бағаның өсу қарқыны елдегі орташа көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде көрсетілген.
2026 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша, ӘМАТ тізіміне кіретін 31 түрлі азық-түліктің орташа бағасы өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 102,1%-ды құрады.
Бағаның ең жоғары өсімі Талдықорғанда тіркелді. Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бір жылда 9,9% қымбаттаған. Оның ішінде 15 өнімнің бағасы 10%-дан астам өсті.
Сиыр еті, сүзбе, ірімшік, қарақұмық жармасы мен нанның бағасы 20%-дан жоғары көтерілген.
Ал бағаның ең төмен өсімі Павлодарда байқалды. Қалада ӘМАТ бағасы бір жылда небәрі 1,3% өскен. Дегенмен қой еті 25,5%, кеспе 11,8%, қарақұмық 11,2% және тұз 10,2% қымбаттаған.
Астанада да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі 1,3% болды. Елордада тауық еті 17,7%, қатты ірімшік 16%, сары май 13,9%, сүзбе 13,4% және сәбіз 12,4% қымбаттаған.
Қандай азық-түлік қымбаттады?
Ел бойынша бір жылда ең көп қымбаттаған өнімдер:
Тұз – 16,2%;
Сәбіз – 16%;
Қарақұмық – 14,2%;
Картоп – 12,6%;
Қой еті – 11,2%;
Сүзбе – 10,8%;
Жұмыртқа – 9,8%;
Қырыққабат – 9,6%.
Сонымен қатар айран 8,3%, сары май 8,1%, кеспе 7,9%, жылқы еті 7,5%, тауық еті 7,3%, сиыр еті 6,2% қымбаттаған.
Қандай өнімдердің бағасы арзандады?
Кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы керісінше төмендеген. Атап айтқанда, қияр 40%, алма 15%, қызанақ 9,2%, қант 8,2%, жаңа ауланған балық 5% және күріш 1,6% арзандаған.
Осылайша, ел бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсімі 2,1% болғанымен, жекелеген өнімдер мен өңірлердегі қымбаттау әлдеқайда жоғары.