Бәйтеректің қаржыландырған жобаларының табыстылығы бағаланады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің директорлар кеңесі отырысын өткізді. Жиын барысында Кеңес холдингтің жылдық бюджетін, басқарма төрағасы мен мүшелерінің 2027 жылға арналған қызметінің негізгі көрсеткіштерін бекітті.

Алдағы жылға арналған холдинг қызметінің негізгі көрсеткіштері қатарына негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі, қолдау көрсетілген кәсіпорындар кірісі, сондай-ақ олардың экспорттық сатылым көлемі енгізілді.

2027 жылы «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы экономикаға 8 трлн теңгеге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі шамамен 1,17 трлн теңге болмақ. Холдингтің қатысуымен тұрғын үй секторында 2,7 млн шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Жобаларды қаржыландыру үшін холдинг нарықтан қаражат тартуды жалғастырады. 2027 жылы мемлекеттік емес қаржы көздерінен алынатын ақша қарыздардың жалпы көлемінің 54%-ын құрайды деп болжануда. Екінші деңгейлі банктердің мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, бизнесті қаржыландыруға қатысуы өз алдына бөлек бағаланатын болады.

Бұл шешімдердің негізінде Директорлар кеңесі тамыз айында мақұлдаған холдингтің 2033 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспары жатыр. Оның басымдықтарының бірі – жаңа өндірістерді іске қосатын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыратын кәсіпорындар үшін мүмкіндіктерді кеңейту. «Бәйтерек» осы жобаларды қаржыландыруға банктер мен жеке инвесторларды тартатын болады.