Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы» Заңға қол қойды. Құжат бойынша 2026 жылы жалпы 5,17 трлн теңгеден астам субвенция бөлінеді, ал үш қала мен бір облыстан 880 млрд теңгеге жуық қаражат алынады.
Құжатқа сәйкес, республикалық бюджетке ең тәуелді өңірлер оңтүстік аймақтан болып шықты. Абсолютті рекордты Түркістан облысы орнатты. Бұл өңір 2026 жылы 1 трлн теңгеден астам (нақтырақ айтқанда, 1,4 трлн теңге) субвенция алады. Одан кейін Қызылорда (504,01 млрд) мен Жамбыл облысы (494,32 млрд) тұр. Сонымен қатар Қостанай облысы (350,6 млрд), Солтүстік Қазақстан облысы (334 млрд), Ақмола облысы (325,9 млрд) көп қаражат алатын өңірлер қатарына кірді.

Ал Шығыс Қазақстан (251,7 млрд), Қарағанды (269,6 млрд) және Абай (266,9 млрд) сияқты орталық белдеудегі облыстар, одан бөлек Алматы облысы (108 млрд) мен батыстың Атыраудан басқа үш облысы (Ақтөбе, БҚО, Маңғыстау) салыстырмалы түрде орташа деңгейдегі субвенцияларды иемденеді.
Ал, субвенция алатын өңірлердің арасында республикалық бюджетке ең аз тәуелділері: халық саны аз Ұлытау (60,8 млрд теңге) мен Павлодар (7,8 млрд теңге) облыстары. Үкімет мүшелері тіпті Павлодар алдағы жылдары өзін өзі асырап, басқа өңірерге де көмектесе алатынын айтады.
Ең тәуелсіз, тіпті керісінше республикалық бюджетке ақша аударатын өңірлер: Алматы қаласы (491,9 млрд теңге), Атырау облысы (262,40 млрд теңге), Астана қаласы (125,6 млрд теңге). Яғни, бұл үш өңір — ел бюджетінің донорлары.