Ресей Қазақстанды газдандыру үшін магистральдық газ құбырын салады. Ресей үкіметі газ құбырын Ресейдің аумақтық жоспарлау схемасына енгізді, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
Газ құбыры Түмен облысының аудандары мен ауылдық елді мекендері арқылы өтеді. Ол арқылы Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс облыстары газ алатын болады. Газ құбырының қуаты 10 млрд текше метрді, ал компрессорлық станциялардың қуаты 50 МВт болады.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға магистральдық газ құбырын тарту жобасы басталғанын хабарлады. Оның қуаттылығы 45 млрд текше метр газды құрайды, оның 10 млрд текше метрі Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігін газдандыруға, ал 35 млрд текше метр газ Қытайға экспортталады деп күтілуде.
Қараша айының соңында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдауды ұлғайту жоспарын жариялады.