Ресей қазақстандық жүк тасымалдаушыларды  ұстады: Қазақстан нота жіберді

Ресей қазақстандық жүк тасымалдаушыларды ұстады: Қазақстан нота жіберді

Ресей кеден қызметі литий-ионды аккумулятор тиеген 20 қазақстандық жүк тасымалдаушыны ұстады. Осыған байланысты ҚР Елшілігі РФ СІМ-ге нота жіберді, деді вице-премьер Серік Жұманғарин.

Ресей Федерациясы Үкіметінің 2022 жылғы 9 наурыздағы No 313 қаулысының 2024 жылғы 15 қазандағы түзетулері қолданылуына байланысты жүргізіледі, бұған дейін тізбеге сәйкес жекелеген тауар түрлерін елдерге (ЕО елдері және т.б.) әкетуге тыйым салу қосымша тауарларға таратылған.

Аталған өзгерістер бірқатар тауарларды (ұшқышсыз ұшу аппараттары, әскери киім, электр генераторлары, аккумуляторлар және т.б.) Ресей аумағынан белгілі бір мемлекеттер мен аумақтарға (Еуропа, АҚШ, Украина және т. б.) әкетуге қосымша шектеулер енгізеді.

Сонымен қатар, аталған тауарларды әкетуге тыйым салу «дос емес елдер» санатына жатқызылған тараптың қатысуымен сыртқы сауда келісімшарты жасалған жағдайларды қоса алғанда, олардың Ресей аумағы арқылы транзитіне де қолданылады. Бұл ретте Ресей тарапы осы түзетулер енгізілгенге дейін қазақстандық тарапты хабардар етпей, осы шектеулерді біржақты тәртіппен енгізді.

Айта кету керек, Ресей Федерациясының аумағынан тауарларды әкетуге тыйым салулар мен шектеулерді сақтамау Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 16.3-бабына сәйкес 50 мыңнан 300 мың рубльге дейін әкімшілік айыппұл түрінде, тауарларды тәркілеумен немесе онсыз әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Осы жағдайды шешу мақсатында Қазақстан Республикасының сауда және интеграция және сыртқы істер министрліктері Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізуде.

Сауда және интеграция министрлігі Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігіне аталған көлік құралдарын межелі жерге шығару немесе оларды Қазақстанға қайтару мәселелерін шешу туралы хат жолдады. ЕАЭО Кеден Кодексінің 381-бабына сәйкес кеден органы оларды ЕАЭО кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған, ЕАЭО кедендік аумағынан кеткен кезде ұсталған тауарлар декларантқа немесе өзге де тұлғаларға қайтарылады.

Сондай-ақ, ҚР-ның РФ-дағы Елшілігі осы мәселені шешу туралы РФ Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдады.

Ресей тарапының ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағынан түсетін жүктерге қатысты көрсетілген шаралар экспорттық бақылау шараларына сәйкес қолданылады және Ұлттық құзыретке жатады. Бұдан басқа, тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу оларды Ресей Федерациясы үшін «дос емес елдердің» пайдалануына жол бермеу мақсатында енгізілді.

Жалпы, бұл мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында, жақын арада бұл мәселені екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында да талқылау жоспарлануда.