Қытаймен шекараның жабылуынан қазақ кәсіпкерлер әлі шығындалып отыр

Қытаймен шекарада қалып қойған вагондардың иелері миллиардтаған теңгеден айырылды. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов мәлімдеді, деп хабарлайды LS басылымы. "Бизнес өкілдері 8 млрд теңгеге жуық вагон иелерінің шығыны туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, импорттаушылар мен жүк алушылардың шығыны 170 млрд теңгеге дейін жетеді", - деп атап өтті ҰКП басқарма төрағасының орынбасары. Естеріңізге сала кетейік, "Ақ жол" партиясының депутаттары 170 млрд теңге туралы хабарлаған болатын. "Қазақстандық жүктерді қабылдаудың нашарлауына байланысты ірі тау-кен металлургия компаниялары іс жүзінде 3 566 211 тонна немесе ҚХР-ға өнім экспорты бойынша тиеу жоспарының 77% (4 624 011 тонна) тасымалдады. Жоғалған табыс шамамен 142 млрд теңгені құрады", - деп еске салды Темірханов. Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлер контрагенттер тарапынан айыппұл санкцияларынан аулақ бола алады. Спикердің айтуынша, бұл үшін Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ҰКП мен мемлекеттік органдардың хаттары негізінде форс-мажор туралы куәлік береді. Сонымен қатар, бұл кәсіпкерлер жосықсыз жеткізушілер тізіміне енбейдi. "2020 жылы форс-мажор туралы 33 куәлік берілді, бұл 102 млн теңге сомаға бизнестің мүдделерін қорғауға мүмкіндік берді. Ал қаңтар-тамыз айларында 2,2 млрд теңге сомаға бизнестің мүдделері қорғалды", - деп түсіндірді Темірханов. Ол, сондай-ақ, Қытай тарапы Еуропа елдеріне Қазақстан арқылы транзитпен жөнелтуді ғана қамтамасыз ететінін айтты.