Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қытайлық инвесторлардың қатысуымен жаңа қант зауытын салынуы мүмкін екенін айтты.
«Биыл біз рекордтық қызылша өнімін алдық. Тәуелсіздік жылдарында орта есеппен 600 мың тоннаға жуық жиналса, 2024 жылы 1,2 млн тонна жиналды», – деді Айдарбек Сапаров.
Дегенмен, өнім көлемі артқанымен, зауыттардың өңдеу қуаттары көлемге төтеп бере алмай жатыр.
«Қазір бізде төрт зауыт бар, оның үшеуі қызылшаны өңдейді. Жылына жалпы 1 млн тоннадай өңдей аламыз, бірақ 200 мың тоннаға қуат жетпейді», — деді ол.
Айдарбек Сапаров зауыттар қазірдің өзінде қосымша 100 мың тонна қызылша өңдеу үшін өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырғанын, қалған 100 мың тоннаға Қырғызстанмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қытайдан төрт инвестор бар. Біз қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мен жақында Қытайда болдым, олар жобаға қызығушылық танытты. Егер олар инвестиция салуды шешсе, біз оларға барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз», — деді Айдарбек Сапаров.