Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Үкімет атынан құрылыс саласын дамыту және отандық өндіріс үлесін арттыру бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. 2025 жылғы алғашқы айлардың қорытындысы бойынша құрылыс материалдары нарығындағы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесі 69,6%-ға дейін өсті, бұл – импортты алмастыру мен жергілікті кәсіпорындарды қолдаудағы тұрақты үрдіс көрсеткіші.
Құрылыс материалдарын өндіру – Қазақстанның құрылыс экожүйесінің ажырамас бөлігі. 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде бұл салада 2 922 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 96%-ы шағын компаниялар. Олар жұмыспен қамту және нарық икемділігінің негізін құрайды.
2024 жылы құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Нарықтың жалпы көлемі 4 млрд долларды құрады, отандық өнімнің үлесі – 68,3%.
Оң динамика 2025 жылы да жалғасын тапты. Қаңтар-маусым айларында өндіріс көлемі 713 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,3% өсті. Бұл ретте 5 айда нарық көлемі 1,4 млрд долларды құрады, оның 70%-ы отандық өндірушілер үлесіне тиесілі.