Ұлыбритания үкіметі ресейлік «Лукойл» және «Роснефть» компаниялары қатысатын бірқатар халықаралық мұнай-газ жобасына қатысты санкциялық режимнен ерекше жағдайлар енгізілетінін хабарлады.
Біріккен Корольдіктің үкімет сайтына жарияланған генералды лицензияға сәйкес, аталған ресейлік компанияларға кейбір халықаралық мұнай-газ жобалары бойынша операциялар жүргізуге рұқсат берілді.
Ерекшеліктер тізімінде Қазақстан мен Әзербайжан аумағындағы жобаларға ерекше назар аударылған, өйткені бұл елдерде ресейлік компаниялардың стратегиялық үлесі бар. Осылайша, «Лукойл» мен «Роснефть» Қазақстанда орналасқан Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК), «Теңізшевройл» және «Қарашығанақ» кен орны жобаларында жұмысын жалғастыра алады.
Құжатта көрсетілгендей, бұл ерекшеліктер 2027 жылдың 14 қазанына дейін ғана күшінде болады.
Осы мерзімнен кейін Ұлыбритания санкциялық шектеулерді қайта қарастырып, аталған компаниялардың Қазақстан аумағындағы қызметіне де тыйым салуы мүмкін.