Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 252 мың теңге

Қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 252 мың теңге

2022 жылдың төртінші тоқсанында қазақстандықтардың табысы жан басына шаққанда 252,4 мың теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,7% артық. Ескерту: осы кезеңде жылдық инфляция деңгейі 19,6%-ға жетті.

Салыстыру үшін: 2021 жылдың төртінші тоқсанында халықтың табысы орташа есеппен жан басына шаққанда 214,5 мың теңгені құрады, көрсеткіш бір жылда 10,6% көбейген.

Өңірлер бойынша ең көп табыс елордада тіркелді: жан басына шаққанда 357,3 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан 16,2% артық.

Екінші орында Қарағанды ​​облысы болды: 354,9 мың теңге, 23,1% көбейген. Үздік үштікті Ұлытау облысы жапты: 339,1 мың теңге. Алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары да кірді.

Ең төменгі табыс Түркістан облысының тұрғындарында: жан басына шаққанда небәрі 163,3 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан 23,7% көп және республикалық орташа көрсеткіштен бірден 35,3% төмен.

Халық табысының басым бөлігін еңбек қызметінен алған табыстары құрады: 184,9 мың теңге, бір жылда 23% өскен. Оның ішінде 161,7 мың теңге – жалдамалы жұмыстан, 23,2 мың теңге – өзін-өзі жұмыспен қамтудан және кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс.

Әлеуметтік аударымдардан түскен табыс бір жылда 3,6% өсіп, 56,1 мың теңгені құрады. Оның ішінде зейнетақы – 45,7 мың теңге, жәрдемақы – 8,9 мың теңге, стипендия – 1,3 мың теңге, АӘК және тұрғын үй көмегі – 149 теңгені құрады.

Туыстары мен жақындарынан түскен материалдық көмектен, сондай-ақ алименттен түскен табыс бір жылда 23,4% өсіп, 6,1 мың теңгені құрады.