Қазақстанда Kia мен Jac өндірісі азайып кетті

Қазақстанда Kia мен Jac өндірісі азайып кетті

ҚР ұлттық статистика бюросының берген мәліметі бойынша, биыл ақпанда Қазақстандағы зауыттар жалпы құны 151,6 млрд теңге болатын барлық типті 11 282 автокөліктер құралын өндірді. Бұл қаңтардағыдан – 17,4%, былтырғы ақпан нәтижесінен 3,2% төмен көрсеткіш.

Жалпы екі айда 278,3 млрд теңгеден артық сомаға 20 888 (2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда -9,3%) көлік құралы шығарылды. Әдеттегідей, көбі жеңіл автокөліктер – 19 285 (-7,7%). Жүк автомобильдерінің саны – 673 (-39,3%), автобустар саны – 297 (-36%). Одан бөлек 532 тіркеме мен жартылай тіркеме және 101 басқа арнайы техникалар жасалды. Машина жасау саласындағы автоөнеркәсіптің үлесі екі айда 40,5% құрады.

«Қазір отандық автоиндустриядағы басты тренд – локализацияны дамыту. Мұнда автозауыттар меңгеріп алған шанақ дәнекерлеу және сырлау сияқты күрделі технологиялық операциялар туралы ғана сөз болып отырған жоқ. Қазақстанда жасалған автокомпоненттерді пайдалану да маңызды. Қазір бірнеше өңірде бөлшек және керек-жарақ шығаратын өнеркәсіп кластерлері құрылды. Бұл біз Қазақстан автоөнеркәсібі үшін стратегия ретінде таңдаған жол. Локализация аса маңызды, себебі мемлекет жаңа өндіріс орындары мен технологияларға қолдау көрсетуге дайын. Бірақ нақты міндеттер де бар. Мысалы, 2025 жыл қорытындысы бойынша автокөлік өндірушілер кем дегенде 30% өнімін майда торапты әдіспен (CKD) құрастыруға тиіс», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

2025 жылдың алғашқы екі айында Қостанайда (Allur) 11 030 техника жасалды (-13,4%). Алматыдағы кәсіпорындар (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 8 536 жеңіл және коммерциялық автокөліктерді шығарды (+11,5%). Семейде (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) 339 коммерциялық техникасы конвейерге тұрды (-62,6%). Қарағандыдағы зауыт (QazTehna) мамандары 262 техника құрастырса (+8,3%), Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг клиенттеріне 132 коммерциялық техника жөнелтті (-22,4%). Басқаларының нәтижесі – 589.

Биыл қаңтар мен ақпанда көптеп шыққан бес бренд тізіміне (экспортты қосқанда) Hyundai (8 431, +10,8%), Chevrolet (4 147; +17,7%), Kia (3 442; -15,6%), Jetour (2 004; -12,6%) және Jac (880; -68,1%) кірді. Модельдер арасында Chevrolet Cobalt (3 802), Hyundai Tucson (3 011), Hyundai Mufasa (1 792), Kia Sportage (1 658), Jetour X50 (963), және Hyundai Santa Fe (955) басым.