Қазақстанда GAC автокөлік зауыты салынады

Қытайдағы «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының 17-ші жыл сайынғы кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов өнеркәсіп пен цифрландыру саласында жетекші орындарға ие қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.

Yulin Irrigation компаниясының бас директоры Ци Юбомен кездесуде Қазақстанда заманауи ирригациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды, оның ішінде Қызылорда облысында ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасы да бар.

Xiamen Wanli Stone директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэймен көмір химиясы, металлургия және минералды шикізатты терең өңдеудегі ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Жобада көмірді жартылай кокс, сутегі және жоғары сапалы мұнай өнімдеріне айналдыратын, сондай-ақ молибден, германий және рений сияқты сирек металдарды терең өңдейтін қосылған құны жоғары «көмір–электр энергиясы–химия–металлургия» интеграцияланған тізбегін құру көзделген.

SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы әрі CEO Хуан Чэньхунмен Қазақстанда заманауи деректер орталықтарын құру жоспары талқыланды. Компания ЖИ-инфрақұрылымдарға және жоғары тығыздықтағы деректерді өңдеу орталықтарына арналған шешімдерді дамытумен айналысады әрі Қазақстанда 2026-2029 жылдары кезең-кезеңімен іске қосылатын, қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін AI Data Center кластерін құруға мүдделі. ЖИ-кампус салу, энергиямен жабдықтауды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары үшін серверлік жабдықтар мен технологиялық шешімдерді жеткізіп беру көзделіп отыр.

Jinyi Holding Group директорлар кеңесінің төрағасы Цзинь Пэнмен арнайы индустриалды аймақ құру және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Холдинг өнеркәсіптік инвестициялар, логистика және жаңа энергетика саласында жұмыс істейді. Jinyi Holding Group Қазақстанда екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда, олар  – Ақтөбедегі «жасыл» мыс өнеркәсібі зауыты және Батыс Қазақстан облысындағы индустриялық-логистикалық хаб.

Ақтөбе облысында шетелдік өндірушілерді жедел локализациялау үшін дайын инженерлік инфрақұрылымы бар ірі индустриялық-логистикалық паркін құру бастамасы бөлек талқыланды. Терең өңдеуді және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ықпал ететін жоғары қосылған құны бар дайын өнімді шығаруға бағытталған өндіріске баса назар аударылды.

Guangzhou Automobile Group директорлар кеңесінің төрағасы Фэн Синьямен кездесуге Қазақстанда автомобиль өндірісін локализациялау перспективалары арқау болды. GAC компаниясы – Fortune Global 500 рейтингіне кіретін Қытайдың ірі автомобиль өндірушісі.

Жобаны жүзеге асыру GAC автомобильдерін Қазақстан нарығына дистрибуциялаудан жергілікті өндіріске көшуге мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары іштен жану қозғалтқыштары мен гибридті күштік қондырғылары бар модельдерді қоса алғанда, 17 мың машина шығару жоспарлануда.

Қазақстан үшін аккумуляторлық батареялар мен энергия жинақтау жүйелерінің жаңа технологиялық өндірісін құру мүмкіндіктері CATL компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Цэн Юйцюнмен талқыланды.

Шикізатты қайта өңдеуден бастап дайын аккумуляторларды, энергияны сақтау жүйелерін шығаруға, сондай-ақ пайдаланылған батареяларды кәдеге жаратуға дейін қосылған құны жоғары бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. CATL – электромобильдер мен энергияны сақтау жүйелеріне арналған әлемдегі ең ірі аккумулятор өндірушісі, ол тартқыш аккумуляторлар нарығында 39,2% жаһандық үлесті алады.

CISDI Engineering вице-президенті Юн Люмен кездесуде отандық металлургияны технологиялық жаңғырту және озық инженерлік шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Қазақстанның металлургиялық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам болатын шойынды артық күкірттен арылту жөніндегі жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Тараптар сондай-ақ CISDI Engineering компаниясының елімізде жаңа құю-жаймалау кешенін салуға инжинирингтік әріптес ретінде қатысу мүмкіндігін қарастырды. Компания – металлургиялық инжиниринг, ауқымды металлургиялық нысандарды кешенді жобалау және жүзеге асыру саласындағы мойындалған әлемдік көшбасшылардың бірі.