Бұл туралы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың Қазақстанға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

«Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақтылы орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады», — деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар.

«Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, «Алтай» бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір «Алматы – Ұлан-Батыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұлан-Батыр» әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде «Өскемен – Өлгей» бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан әрі нығайып, аймақаралық байланыстарымыз тың серпінмен дами түсері сөзсіз. Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын», – деді Қазақстан Президенті.