Қазақстан бойынша әлі 469 ауылда ауыз су жоқ

Қазақстан бойынша әлі 469 ауылда ауыз су жоқ

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің деректері бойынша, Қазақстанның ауылдық жерлерінде сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 97,5%-ға жетеді. Елдің 6148 ауылының 5679-ы суға қол жеткізе алады.

Ауылдардың көпшілігі – 4 420 (94,8%), орталықтандырылған жүйелерге қосылған, ал 999-да (2,6%) кешенді блок-модульдер орнатылған.

«Қалған 469 ауылда (халқы 164,7 мың адам) орталықтандырылған жүйелерге қосу немесе блок-модульдерді орнату жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүргізілуде», — деп хабарлайды министрлік.

Биыл республикалық бюджеттен және Арнаулы қордан сумен жабдықтау бойынша 445 жобаны іске асыруға 188 млрд теңге бөлінді.

Бағдарлама шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ су құбыры желілерін реконструкциялау және кеңейту жүзеге асырылуда. Ірі қалаларда су тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бірқатарында аяқталған.

Ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы желілерді реконструкциялау және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ бірқатар ірі қалада су тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жолымен ауыз судың сапасы мен тапшылығы мәселелері шешілді.

Астана қаласында құны 118 млрд теңге  болатын су сорғы-фильтр стансасы салынып, магистралдық су құбыры қайта жаңғыртылды. Атырауда 17 млрд теңге сомаға сүзгі стансасын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды және Қостанай мен Көкшетауда су тазарту құрылыстарын жаңғырту аяқталуға жақын.

Қазақстанда кәріз тазарту құрылғылары жабдықтарының тозу деңгейі 65%-ға жетті.

Биыл су бұру жүйелерін, оның ішінде кәріз тазарту құрылғыларын жаңғырту бойынша бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Қызылорда қаласының кәріз тазарту құрылғысына – 720 млн теңге және Ленгер қаласына – 1 млрд теңге қарастырылды.

Сонымен қатар, Ақтау, Атырау, Қарқаралы және Қаражал қалаларында осы бағытта 4 жоба жүзеге асырылуда. 

Жалпы «Коммуналдық және энергетика секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 45  қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңғыртылып, 2,8 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желілері жаңарту жоспарлануда.

2029 жылға қарай Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Атап айтқанда, су құбыры желілерінің тозу деңгейін ағымдағы 39%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру жүйелерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда.