Қаржы нарығын реттеу агенттігі биометриялық қауіпсіздікті сақтау керектігін еске салды

Қаржы нарығын реттеу агенттігі биометриялық қауіпсіздікті сақтау керектігін еске салды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық банктер мен қаржы ұйымдары биометриялық технологияларды қоса алғанда, жаңа цифрлық сервистерді әзірлеу және енгізу кезінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтынын еске салады.

Белгіленген нормаларға сәйкес әрбір ақпараттық жүйе бастапқы кодты талдауды, пайдаланылатын құрауыштар мен кітапханаларды тексеруді қамтитын міндетті тестілеуден өтеді, сондай-ақ TLS хаттамасының 1.2-ден төмен емес нұсқасын пайдалана отырып, барлық берілетін деректердің шифрлануын қамтамасыз етеді. Клиенттердің конфиденциалды ақпараты тек қорғалған контейнерлерде немесе жүйелік қоймаларда сақталады, сондай-ақ шабуылдарды және зиянды кодты енгізуді болдырмау үшін тексеруден өтеді.

Осылайша, банктер енгізетін барлық сервис белгіленген қауіпсіздік талаптарына жауап береді, бұл дербес деректер мен банк құпиясын сенімді қорғауға кепілдік береді.

Агенттік осы талаптардың сақталуына тұрақты мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады және қаржы нарығында киберқауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.

Клиенттердің қауіпсіздігі және олардың деректерінің сақталуы Агенттіктің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Айта кетсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Kaspi Alaqan технологиясына қатысты пікір білдіріп, мемлекет тексеруінен өтпеген жағдайда мұндай өнімге тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді.