Қазақстанда қапасораны тоқыма, тамақ және басқа да салаларда пайдалану үшін өндірістік мақсатта өсіру жоспарлануда. Бұл қызмет түрі лицензиялауға жатады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов мәлім етті.
«Бірқатар инвесторлар қарасораны өнеркәсіптік өңдеу бойынша жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Суық сығымдалған май, мал азығы, тыңайтқыш және талшық өндіруге болатын қарасора өсіруге бірнеше компанияға лицензия берілді», — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласында үкіметтің қолдауымен өнімді терең өңдеу бойынша бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. Қостанай облысында биыл 132 млн долларлық крахмал өнімдері мен биоэтанол өндіретін бидай өңдеу зауыты салынады. Астанада қуаттылығы 320 мың тонна крахмал, клейковина және фруктоза шәрбаты шығаратын бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салу жобасы іске қосылды. Солтүстік Қазақстан облысында биыл қуаттылығы тәулігіне 1,2 мың тонна күнбағыс өңдейтін цех іске қосылады.
Үкіметтің мәліметінше, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласы соңғы 10 жылдағы ең серпінді өсуді көрсетеді. Экономикалық өсім 4,8% болса, ауыл шаруашылығындағы өсім 13,7%-ды құрады.