Қарашада халық пен бизнес 3,4 трлн теңге несие алды

Қарашада халық пен бизнес 3,4 трлн теңге несие алды

Қарашада берілген несиенің жалпы сомасы 18% өсіп, 1,6 трлн теңгеге дейін жетті. Көрсеткіш бір ай бұрын 6% азайған еді. Бұл ретте динамикадағы негізгі рөлді кепілсіз тұтынушылық несиелер атқарды. Аталған сегментте берілген несиелердің көлемі 998 млрд теңгені құрады.

Ипотека жайы бұрынғыдай жақсы. Қазанға қарағанда несие беру көлемі 11% өсіп, 245 млрд теңгеге жетті. Десе де, рәсімделген несие саны аса көп өсе қоймаған - 5%, 13,6 мың бірлікке дейін. Ал ипотекалық қарыз портфелі 1 желтоқсанда 6,5 трлн теңге. Қолданыстағы келісімшарт 620 мың бірлік болса, оны 592 мың адам рәсімдеген. 

Автонесие беру көлемі екі ай қатарынан жоғары деңгейде тұр. Сонымен қатар бұл нәтиже алдыңғы аймен салыстырғанда 5% көбейген — бір ай бұрын 185 млрд теңгеге автонесие алынса, қарашада 194 млрд теңге. Алайда бір айда берілген несие саны өзгеріссіз қалып тұр — 23,6 мың.

PDL-сегментінде аздап жандану байқалады. Қазанға қарағанда берілген несиелер көлемі 8%, ал олардың саны 5% өсіп, яғни 40 млрд теңгеге дейін, 603 мың бірлікті құрады. Шыны керек, жағдай сонда да мәз емес: қазіргі көрсеткіші әлі де жыл басындағы деңгейден әлдеқайда төмен.

Бизнестің несие алуына келсек, жалпы берілген несие көлемі бір айда 8,3% өсті. Қазіргі деңгейі – 1,8 трлн теңге. Мұнда да ескеретін жайт бар: бір ай бұрын 10%-дық төмендеу тіркелген еді. Бұл орайда ЖК-ларға берілген несие көлемі заңды тұлғалармен салыстырғанда екі есе жоғары қарқынмен өскен — 16%. Дегенмен, бұл жерде салыстыруға келмейтін абсолюттік көрсеткіштер туралы сөз болып тұр. Нақтырақ айтқанда, ЖК көрсеткіші 160 млрд теңге, ал заңды тұлғалар көрсеткіші 1,66 трлн теңгені құрады.

Қарашада 47,8 мың келісімшарт жасалған. Бұл қазанға қарағанда 2% көп. Бұл орайда, өсім тек ЖК сегментінде байқалады (+2%, 34,9 мың бірлікке дейін). Ал заңды тұлғалар сегментінде өзгеріс жоқ (12,9 мың бірлік).