Бәйтерек ұлттық инвестициялық холдингі шетелдік қаражатты көбірек тарту үшін өз моделін өзгертіп жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында холдинг басқарма төрағасының орынбасары Тимур Оңжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Бәйтерек» дәстүрлі рөлінің шеңберінен шығып, инвестициялық банк моделіне жақын ұйымға айналмақ.
«Біз енді тек құралдар мен субсидияларды таратумен шектелмейміз. Жобаларды талдауға, қаржылық due diligence жүргізуге және мәмілелерді құрылымдауға тікелей қатысамыз. Мүмкіндіктерді іздеу мен жобаларды бастамалаудан бастап, оларды орналастыру мен құрылымдауға дейінгі барлық процесс холдинг ішінде жүзеге асады», — деді Тимур Оңжанов.
Басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша, жаңа операциялық модель «Бәйтерекке» жеке капиталды, сауда компанияларының қаржысын, жаһандық егеменді қорлар мен инвесторлардың қаражатын тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, холдинг жоғары қосылған құны бар жобаларды кредиттер мен облигациялар арқылы қаржыландыруды жоспарлап отыр.
Тимур Онжановтың сөзінше, биыл холдинг шетелден шамамен 3 млрд доллар қарыз алуды көздейді.
Оның айтуынша, холдинг егемен әл-ауқат қорларымен, тікелей инвестициялар қорларымен және инфрақұрылымдық қорлармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жаңа мандат аясында холдинг Таяу Шығыс елдерінен исламдық қаржыландыру құралдары арқылы қаражат тартуға және өңірдің егемен қорларымен серіктестік орнатуға мүдделі.
Холдинг құрамына кіретін Отбасы банк ипотека, исламдық қаржыландыру және лизингпен айналысатын мамандандырылған кредиторға айналуы мүмкін. Сонымен қатар банк Өзбекстан, Малайзия және Таяу Шығыс елдерінде қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ тұрғын үй-құрылыс банкінің акцияларын бастапқы орналастыру (IPO) мүмкіндігі қарастырылуда.
Сонымен бірге холдинг және Қазақстанның Даму Банкі биыл шетелден банктер арқылы және еурооблигациялар орналастыру арқылы қаражат тартуды жоспарлап отыр. «Бәйтерек» юань валютасында «дим сам» облигацияларын шығаруды қарастыруда, ал болашақта даму банкі атынан иенамен қарыз құралдарын шығару да мүмкін нұсқа ретінде қарастырылып жатыр.