Үкіметтің хабарлауынша, өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 47%-ға жетті, ал шикізаттың үлесі 45%. Жекелей тоқталғанда, өңдеу өнеркәсібі секторларының биылғы өсімі төмендегідей:
- машина жасау: 4,8% өсім, бұған компьютерлік жабдықтар, электр аспаптары мен көлік құралдары өндірісінің ұлғаюы ықпал етті.
- қара металлургия: өсім 10,9%-ды құрады. Бұл ферроқорытпа (+15,1%), болат (+13%) және шойын (+13,5%) өндірісі көбеюінің нәтижесі.
- түсті металлургия: мыс (17,5%), қорғасын (14,9%) және алюминий (1,4%) өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 5,3% өсті.
- химия өнеркәсібі: 8,9% өсім тіркелді, полипропилен (+60%) және натрий бихроматы (+41%) өндірісінің ұлғаюы айтарлықтай үлес қосты.
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жиынтық көрсеткіші 5%-ға жуық оң динамика көрсетті.
«Сонымен қатар оның одан әрі өсуі мақсатында саланы тиісті бағамен, қажетті шикізатпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Бұл алюминий мен мыс өңдеуді бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Бұл кабель, алюминий сым және басқа да өндірістің өсуіне де әсер етті», — деп жазады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Шикізат экспортын азайту үшін өңдеу өнеркәсібінде мына жобалар жоспарланған:
- темір рудасы бойынша Қостанай облысында ыстық брикеттелген темір өндіру («ССКӨБ» АҚ, 920 млрд теңге, 500 жұмыс орны, 2027 ж., қуаты: 4 млн тонна (2 кезең) және Павлодар облысындағы металлургиялық кластер ( «Mineral Product International» ЖШС, 1,25 трлн теңге, 3,8 мың жұмыс орны, 2027-2030 жж, өнімдер: ферроқорытпа, ыстық брикеттелген темір және болат) өндіру жоспарланып отыр.
- мыс кені бойынша Абай облысында мыс балқыту зауытын салу ( «KAZ Minerals Smelting» ЖШС ҚАЗ Минералс Смэлтинг/NFC, 587,8 млрд теңге, 1,1 мың жұмыс орны, 2028 ж., қуаты: 314 мың тонна катодты мыс), сондай-ақ Қазақмыс кәсіпорындары (Жезқазған және Балқаш мыс балқыту зауыттары) базасында Айдарлы және Көксай кен орындарынан шикізатты қайта өңдеу.