Он айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асты

Он айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асты

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Биыл өңдеу өнеркәсібінде оң динамика сақталды. 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8% өсті», — деді министр.

Оның айтуынша, өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия саласы, сондай-ақ құрылыс материалдары сынды негізгі сегменттерде өндіріс көлемін ұлғайту есебінен қалыптасып отыр.

Сонымен қатар министр өңдеу өнеркәсібінде жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.  Ол бүгінде 147 жоба жүзеге асқанын атап өтті. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Олардың ішінде қытайлық Chery, Changan, Haval және Tank брендтерінің жеңіл автомобильдерін, тамақ өнеркәсібіне, тұрмыстық техникаға арналған алюминий қаптамаларын, сондай-ақ жүнді қайта өңдеу және тоқыма материалдарын өндіру бойынша жобалар бар.

«Аталған жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына 2,3 трлн теңгеге ұлғаяды», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.