Тамыздың алғашқы толық аптасы өте сәтті өтті. Индекстер қайтадан тарихи максимумға жетіп, инвесторлар раллидің жалғасуына оптимизммен және үмітпен қарап отыр. Ал раллидің басты қозғаушы күші, әдеттегідей, технологиялық компаниялардың акциясы болып отыр. Мұны өткен апта қорытындысы бойынша S&P500 индексіндегі үздік он акцияның тізімі айқын көрсетеді, деп жазады нарыққа апиалық шолуында ITS биржасы сарапшылары.

Танымал тех компаниялар тағы үздіктер қатарында
ТОП-10-ның тең жартысын жетекші технологиялық компаниялардың акциялары иеленген. Дегенмен, «жетекші» деген сөз бұл жерде толықтай дұрыс болмауы да мүмкін. Бұл бестіктегі технологиялық компаниялардың ішінде көпшілікке танымалы — Micron Technology (MU) мен Palantir Technologies Inc (PLTR) ғана, соңғысы қор нарығының жұлдызы болып тұр.
Palantir мемлекеттік тапсырыстарға жатып алған, АҚШ мемлекеттік бюджетінен қомақты пайда табуды жалғастырып келеді, бұл жайында өткен дүйсенбіде жарияланған тоқсандық есебінде хабарланды. Сол есепке сәйкес, Palantir табысының 40%-дан астамы АҚШ Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік мекемелермен жасалған келісімшарттардан түседі. Осыған байланысты PLTR акциялары 2024 жылы S&P500 индексіндегі ең үздіктердің бірі болды және қазір де сол мәртебесін сақтап отыр, биылғы 1 қаңтардан бері тағы да шамамен 140% өсті.
Әскер мен қауіпсіздікте тех компаниялар табысты
Айта кету керек, бұл жолы технологиялық компаниялардың бестігіне көпшілікке беймәлім Axon Enterprise Inc (AXON) және Leidos Holdings Inc (LDOS) секілді «экзотикалық» компаниялар да кірді. Екі компания да қауіпсіздік жүйелерін (бейнебақылау камералары, сигналдық индикаторлар және т.б.) заманауи жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып әзірлеу, енгізу және қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады. Біріншісі әскери-өнеркәсіптік кешенге жұмыс істейді, ал екіншісі көлік жүйелеріне маманданған. Есептерін жариялағаннан кейін инвесторлар бұл бизнестің тартымды әрі табысты екенін байқады. Соның нәтижесінде осы компаниялардың акцияларына сұраныс артты.
Медицина бұл жолы алға шықты
Өткен аптада ең үздік нәтиже көрсеткен компания — Idexx Laboratories, Inc (IDXX) медициналық фирмасы болды. Оның акциясы да тоқсандық есептен кейін айтарлықтай өсті. Компания 30 жылдан астам уақыт бойы ветеринарлық клиникаларға арналған диагностикалық өнімдер мен қызметтерді, соның ішінде үй жануарларына арналған заманауи тесттер мен мал және құс шаруашылығына арналған үстел үсті зертханалық жүйелерді әзірлеумен айналысады.
Сонымен қатар, IDEXX су микробиологиясы саласында да әлемдік көшбасшылардың бірі, ол ауызсу мен басқа да су ресурстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тесттерді 175 елдегі екі миллиардтан астам адамға ұсынады.
Өнімдеріне жаһандық сұраныстың жоғары екені түсінікті, әрі есеп те компанияның жағдайының жақсы екенін көрсетті. 2025 жылдың II тоқсанында компанияның табысы 1,109 млрд долларды құрап, жарияланған деректер бойынша 11%, органикалық есептеуде 9% артқан. Бұл өсім үй жануарларына арналған өнімдер тобының органикалық өсімі 10%-ды, су ресурстарына арналған тесттердің жарияланған деректер бойынша өсімі 9%-ды (органикалық есептеуде 8%-ды) құрағанымен байланысты. Сонымен бірге, сұйылтылған бір акцияға шаққандағы пайда (EPS) II тоқсанда 3,63 доллар болып, жарияланған деректер бойынша 49%, салыстырмалы негізде 17% артты.
Мұның бәрі инвесторлардың компания акцияларына деген сұранысын арттырды және бір апта ішінде оның капитализациясы 25%-дан астамға өсті. Дегенмен, мұндай өсімге қарамастан, акция бағасы консенсус-баға мақсатынан (Target Price) әлі шамамен 10% төмен тұр. Ал бұл уақытта, биылғы жылдың басынан бері IDEXX акциялары 57% өсті, бұл ветеринариямен айналысатын медициналық компания үшін өте жақсы көрсеткіш.
Жалпы, Idexx Laboratories акцияларының өсуі биылғы есеп беру маусымының сәтті өткенін айқын көрсетеді. Бұл маусым іс жүзінде аяқталды — S&P500 индексіне кіретін компаниялардың 95%-дан астамы есептерін жариялап болды. Енді инвесторлар шешім қабылдауда пайда мен шығын көрсеткіштерінен гөрі, жаңа корпоративтік жаңалықтарға көбірек сүйенетін болады, ал олар жаңа сатып алуларға түрткі болуы мүмкін.