Қаржы министрі Мәди Такиев банктердің қазақстандықтардың банк шоттарындағы қалдықтар мен ақша қозғалысы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операциялар туралы салық органына мәліметтер ұсыну нысандарын бекітетін бұйрыққа қол қойды. Құжат 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
«Бұйрықтың жаңалығы – жеке тұлғалардың банк шоттарындағы операцияларды кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операцияларға жатқызу үшін шектеудің енгізілуі», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.
Бұған дейін салық органы жасырын кәсіпкерлік қызмет үшін тек аударымдар саны бойынша, яғни, үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан аударым түссе ғана күдіктене алатын. Бұйрықтың жаңа редакциясы бойынша, сол кезеңдегі түскен қаражаттың жалпы сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуға тиіс. Қазақстанда 2026 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайды. Осылайша, үш ай қатарынан жалпы сомасы 1,02 млн теңгеден асатын 100 және одан да көп мобильді аударымдар түскені кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгісі деп есептеледі.