Министр шаруаларға субсидияны көбейтуді сұрап отыр

Министр шаруаларға субсидияны көбейтуді сұрап отыр

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына ғана емес 5%-дық жеңілдетілген құралдарды АӨК-тің басқа да негізгі бағыттарына тарату қажет, дейді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Фермерлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің қолдауымен министрлік салаға қолжетімді жеңілдетілген қаржы ресурстарын ұсыну бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар аграршыларға қажетті материалдар мен жабдықтарды уақтылы сатып алуға ғана емес, өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, оның бағалық және сапалық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Мәселен, биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінді, оның 400 млрд теңгесі – жеке инвестиция. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат деңгейі 560 млрд теңгеге жеткізілмек.

«Қаржыландыру алғаш рет қараша айының соңында басталды. Қазіргі уақытта 695 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден 85 млрд теңгеге өтінімдер пулы қалыптастырылды. Қазір жеңілдетілген қарыз қаражаттары тек көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бағытталуда. Алайда біз мұндай 5%-дық жеңілдетілген құралдарды аграрлық сектордың басқа да негізгі бағыттарына, әсіресе, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде тері мен жүнді қайта өңдеуді, сондай-ақ саланың инвестициялық бағыттарын қолдауға тарату қажет деп санаймыз», – деді министр.