Микроқаржы ұйымдарының жауапкершілігі артпақ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) микроқаржы ұйымдарын (МҚҰ) қадағалау тәсілін өзгертуді жоспарлап отыр. Реттеуші формалды талаптардың орындалуын тексеруден гөрі, ұйымдардың нақты тәуекелдерін бағалауға басымдық бермек. Бұл туралы ҚНРДА төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Орталық Азия микронесие форумында мәлімдеді.

МҚҰ тәуекелдерді өздері басқаруы тиіс

Агенттік МҚҰ-ларда толыққанды тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін енгізуді көздеп отыр.

Жаңа тәсіл бойынша әрбір ұйым:

  • өзінің тәуекел бейінін дербес анықтауы;

  • тәуекелдерді уақтылы анықтап, олардың салдарын бағалауы;

  • лимиттер белгілеуі;

  • тәуекелдерді басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде ескеруі тиіс.

Бұл талаптар МҚҰ-ның көлеміне, бизнес-моделіне, қызмет сипатына және қабылдайтын тәуекел деңгейіне қарай сараланбақ.

«Бизнестің күрделенуіне қарай әрбір жаңа тәуекелді жеке нормативтік талаппен реттеу жеткіліксіз. Тәуекелдерді басқару реттеуші талабына реакция емес, ұйымның ішкі функциясына айналуы керек», – деді Олжас Қизатов.

Қадағалауда «уәжді пайым» қолданылады

ҚНРДА формалды тексерулерден бөлек, МҚҰ-дағы тәуекелдерді басқару жүйесінің іс жүзінде қаншалықты жұмыс істейтінін бағалауды жоспарлап отыр.

Осы мақсатта «уәжді пайым» құралы енгізіледі. Ол арқылы реттеуші:

  • тәуекелдерді басқару жүйесінің сапасын;

  • қалыптастырылған провизиялардың жеткіліктілігін;

  • клиенттерге қатысты жосықсыз тәжірибелердің белгілерін тереңірек бағалай алады.

МҚҰ-ларда өзін-өзі реттеу енгізіледі

Агенттік МҚҰ мен коллекторлық агенттіктер үшін екі деңгейлі қадағалау моделін ұсынды.

Бірінші деңгей – өзін-өзі реттейтін ұйым (ӨРҰ). Ол тұтынушылар мен ұйым мүшелерінің өтініштерін қарайды, талаптар мен кәсіби стандарттардың сақталуын тексереді және қажет болған жағдайда ішкі шаралар қолданады.

Екінші деңгей – ҚНРДА. Агенттік бақылау ресурстарын тәуекелі жоғары ұйымдарға, жүйелі бұзушылықтарға және тұтынушыларға елеулі қауіп төндіретін тәжірибелерге бағыттайды.

Лицензиясынан айырылған МҚҰ клиенттері де қорғалады

ҚНРДА қарыз алушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін де күшейтуді жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, МҚҰ лицензиясынан айырылған немесе лицензиясын өз еркімен қайтарған жағдайда да оның клиенттерін қорғау тоқтамауы тиіс.

Яғни қарыз алушылармен өзара іс-қимылға қатысты заң талаптары мұндай ұйымға және оның құқық мирасқорларына қолданыла береді.

МҚҰ-ларға мінез-құлықтық қадағалау енгізіледі

ҚНРДА мінез-құлықтық қадағалауды жеке бағыт ретінде дамытпақ.

Пруденциялық қадағалау МҚҰ-ның қаржылық тұрақтылығына назар аударса, мінез-құлықтық қадағалау ұйымның клиенттермен қаншалықты адал жұмыс істейтінін бағалайды.

Ол үшін қаржы өнімінің бүкіл өмірлік циклі қаралады: өнімді әзірлеу, мақсатты аудиторияны анықтау, жарнама, сату, қызмет көрсету және проблемалық берешекті реттеу.

Қайталанатын және жаппай шағымдар МҚҰ-ның бизнес-моделінде, өнімінде немесе сату тәжірибесінде проблемалар бар екенін көрсетуі мүмкін.

МҚҰ активтері 5 жылда 4 есеге жуық өсті

ҚНРДА дерегінше, қазір Қазақстанда 214 МҚҰ жұмыс істейді:

  • 167 – классикалық микронесие береді;

  • 8 – автонесиеге маманданған;

  • 39 – PDL-микронесие береді.

Соңғы бес жылда МҚҰ активі 4 есеге жуық өсіп, 1,7 трлн теңгеге жетті.

Микронесиенің жалпы портфелі 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 еседен астам көп.

Портфельдің шамамен 40%-ы немесе 580 млрд теңгеден астамы бизнеске берілген микронесие.

Бизнеске берілетін микронесиенің:

  • 50%-дан астамы – қызмет көрсету саласына;

  • 16%-ы – ауыл шаруашылығына;

  • 9%-ы – саудаға бағытталған.