BI Group құрамындағы BI Development Astana ModeX зауытының екінші және үшінші кезегін салу үшін Қазақстанның Даму банкінен (ҚДБ) жеңілдетілген қаржы алуға өтінім берді.
ҚДБ мәліметінше, өтінім қазіргі уақытта қаржыландыру алдындағы үшінші кезең – банктің талдау сатысында. Компания сұрап отырған несие көлемі әзірге белгісіз.
BI Development Astana бұған дейін де ModeX зауытының бірінші кезегін салу үшін ҚДБ-дан қаржы алған. 2021 жылы жобаға қажетті 26,75 млрд теңгенің 12,7 млрд теңгесі бірнеше несие желісі арқылы берілген. Қарыздың мерзімі – 9 жылға дейін.
ModeX – керамзитбетоннан құрылысқа арналған блок-модульдер шығаратын зауыт. Бұл технология бойынша көпқабатты тұрғын үйлер дайын блоктардан құрастырылып, құрылыс алаңындағы жұмысты жеделдетуге мүмкіндік береді. Компания мәліметінше, зауыт өнімдері негізінде бұған дейін 35 жоба іске асырылған.
BI Development Astana BI Group құрылыс холдингіне кіреді. Холдингтің негізгі акционері – бизнесмен Айдын Рахымбаев. Forbes бағалауынша, оның байлығы $1,1 млрд.
Бұған дейін BI Development компаниясының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайдасы 56 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 14% өскені хабарланған. Компания кірісінің негізгі бөлігін тұрғын үй жобалары қамтамасыз еткен.