Mastercard өңірдегі исламдық қаржының даму перспективаларына арналған «Орталық Азиядағы исламдық банкинг: жаңа мүмкіндіктер кеңістігі» атты аналитикалық есепті таныстырды.
Бүгінде Орталық Азия елдері исламдық қаржының нормативтік және институционалдық инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастырып келеді. Бұл үдеріс ашықтық, тәуекелдерді бөлісу және нақты экономиканы қолдау қағидаттарына негізделеді.
Орталық Азия елдеріндегі мұсылман халқының жалпы саны шамамен 31 млн. Бұл ретте исламдық қаржы өнімдерінің ену деңгейі әзірге салыстырмалы түрде төмен. Есеп авторларының бағалауынша, өңір елдеріндегі исламдық банкингтің жиынтық көлемі шамамен 716 млн АҚШ долларын құрайды. Нарықтың орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 40% деңгейінде бағаланады, ал 2028 жылға қарай оның көлемі үш еседен астам өсіп, 2,5 млрд АҚШ долларына жуықтауы мүмкін.
Сонымен қатар, бүгінде өңірде исламдық банкингтің одан әрі дамуына қажетті жағдайлар қалыптасып келеді. Олардың қатарында реттеуді жетілдіру, қаржылық сауаттылықтың артуы және инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуі бар. Өңір банктері үшін бұл – жеткілікті деңгейде қамтылмаған клиенттер сегментінің қажеттіліктеріне жауап беруге, клиенттік базаны кеңейтуге, қаржыландыру құралдарын әртараптандыруға және тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) «Орталық Азиядағы исламдық қаржының болашағы» атты есебіне сәйкес, бүгінде Қазақстан өңірдегі исламдық банкингтің ең ірі нарығы болып отыр. Елдегі исламдық банктердің жиынтық активтері шамамен 621 млн АҚШ долларын құрады.
Орталық Азиядағы исламдық қаржы секторын дамыту үшін ең перспективалы нарықтардың бірі – Өзбекстан. Елдің демографиялық әлеуеті мен банк қызметтерін пайдаланушылардың ауқымды аудиториясының үйлесуі нарықтың өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Орта мерзімді перспективада бұл нарықтың көлемі 1,1 млрд АҚШ долларынан асуы мүмкін. Қырғызстан мен Тәжікстанның нарықтары көлемі жағынан шағындау болғанымен, қалыптасқан сұраныстың бар екенін көрсететін тұрақты екі таңбалы өсу қарқынын байқатып отыр.
«Орталық Азия елдері исламдық қаржы экожүйесінің белсенді даму кезеңіне қадам басып отыр. Клиенттердің күтулері мен қаржы институттарының өнімдер мен қызметтерді дамытуға деген көзқарастары өзгеруде. Серіктестік, ашықтық және жауапты қаржыландыру қағидаттарына негізделген исламдық банкинг өңірдегі қаржылық инклюзияны кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл Mastercard-тың мақсаттарымен үндес. Біздің міндетіміз – исламдық қаржы шешімдерінің өңірдің тұрақты экономикалық дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін жағдайларды қалыптастыруға жәрдемдесу», – деді Mastercard-тың Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Санжар Жамалов.
Нормативтік базаны, инфрақұрылымды және кәсіби құзыреттерді жүйелі түрде дамыту халық пен бизнес тарапынан исламдық қаржы өнімдеріне деген сенімді нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Мұндай шешімдерді қолданыстағы банк экожүйелері негізінде дамыту және анағұрлым жетілген нарықтармен трансшекаралық ынтымақтастықты кеңейту исламдық қаржы секторының ұлттық қаржы жүйелеріндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Есепті ТМД елдеріндегі Mastercard консалтинг бағытының сарапшылары дайындады. Зерттеуде халықаралық ұйымдардың (IFSB, AAOIFI), жаһандық және өңірлік банктердің деректері, өңір елдерінің ресми дереккөздерінен алынған ақпарат, сондай-ақ Mastercard-тың жеке аналитикалық зерттеулерінің нәтижелері пайдаланылды.
Есеп банк басшыларына, инвесторларға және исламдық қаржыны дамытуға қызығушылық танытатын кәсіби қауымдастық өкілдеріне арналған.
Зерттеу нәтижелерімен сілтеме бойынша танысуға болады.