Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері қайта қаралады, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңартылған заң жобасында мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, білікті кадрларды тарту және ұстап қалу үшін бірқатар нормалар қарастырылған. Атап айтқанда,

  • жалақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу тетігі енгізіледі.
  • үстеме жұмыс, демалыс және мереке күндері үшін өтемақы төлеу көзделеді.
  • қызмет өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметшілер зейнетке шыққанда төрт лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі. 
  • бір елді мекеннен екіншісіне ауысқанда немесе мемлекеттік орган көшірілген жағдайда қызметшілерге көтерме жәрдемақы және мүлкін тасымалдауға өтемақы төленеді. 
  • балалары балабақшаға кезексіз қабылданады.
  • жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі қарастырылады.

Жаңа редакцияда жұмыс уақыты режимі нақты реттелген. Күнделікті жұмыс ұзақтығы 8 сағатқа дейін белгіленеді, ал апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан аспауға тиіс.

  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді.
  • Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне, сондай-ақ науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты қарастырылады.

Сонымен қатар, көлденең мансаптық ілгерілеу тетігі енгізіледі. «Б» корпусының бір әкімшілік лауазымы шеңберінде лауазымдық деңгейлер белгіленіп, әр деңгей үшін жалақы мөлшері айқындалады. Пилоттық жоба екі жылға жоспарланып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінде, Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске асырылады.