Мемлекет араласқан жерде еңбек өнімді болмайды — Halyk Finance

Мемлекет араласқан жерде еңбек өнімді болмайды — Halyk Finance

Автор: Арслан Аронов, Halyk Finance сараптама орталығы

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы еңбек өнімділігі 5,6% өсіп, кейінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірін тіркеді. Алайда бұл нәтиже экономиканың жалпы өсім қарқынынан (6,3%) төмен.

Соған қарамастан, Halyk Finance сарапшылары Қазақстанның еңбек өнімділігі деңгейі әлі де дамыған елдерден, соның ішінде ЕО елдерінен едәуір артта екенін атап өтеді.

Негізгі драйверлер — құрылыс пен көлік

Өнімділіктің негізгі өсімі құрылыс (+19%) және көлік саласында (+21,4%) байқалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл екі сектордағы серпін фискалдық ынталандыру мен мұнай өндірудің артуымен байланысты.

Ауыл шаруашылығы да айтарлықтай өсім (+11,3%) көрсетті. Бірақ саладағы еңбек өнімділігі экономикадағы ең төмен деңгейде қалып отыр. Бұл көрсеткіштің жақсаруы тек өнім көлемінің артуымен емес, жұмыс күші миграциясының қысқаруымен де байланысты.

Өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 4,8% өсті — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 2%-дан екі есе жоғары.

Кен өндіру саласында өсім 3,3%-ды құрады, бірақ сарапшылар күткен межеден төмен. Бұл, шамасы, саладағы жұмысшылар санының көбеюімен байланысты.

Мұнайға тәуелді өсім

Кен өндіру секторының өнімділік деңгейі республика экономикасының орташа көрсеткішінен 5 есе жоғары. Бұл оның ел экономикасындағы әлі де басым рөлін көрсетеді.

Алайда Halyk Finance пікірінше, тұрақты экономикалық өсім мен халық табысын арттыру үшін назарды өңдеу және ауыл шаруашылығы сияқты беймұнай секторларына аудару қажет.

Қазіргі өсім негізінен Теңіз кеңейту жобасы, LRT құрылысы, жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік преференциялар есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Нарық тетіктерін мемлекет алмастырып отыр

Halyk Finance сарапшылары еңбек өнімділігінің төмендігі жалақы өсімін тежеп, бұл өз кезегінде ішкі сұраныстың әлсіздігіне және өндіріс көлемінің шектеулі өсуіне алып келетінін айтады.

Басты себептердің бірі — экономикадағы мемлекеттің шамадан тыс қатысуы.

Кей салаларда (көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы) көрсеткіштер жақсы болғанымен, бұл нәтижелердің басым бөлігі мемлекеттік қолдау есебінен жүзеге асып отыр.

«Мемлекеттің белсенді араласуы нарықтық механизмдерді алмастырып, бәсекені бұзады, баға сигналдарын бұрмалайды және бизнестің инновацияға ұмтылысын әлсіретеді. Соның салдарынан кәсіпорындар мемлекеттік қолдауға тәуелді болып, нарықтық ортаға бейімделу қабілетін жоғалтады», — делінген Halyk Finance шолуында.

Болашақ басымдық – экономиканы әртараптандыру

Қазақстан үшін стратегиялық басымдық — экономиканы әртараптандыру және бейресми секторларды қысқарту болуға тиіс.

Мемлекеттің тікелей араласуын азайтып, бәсекеге қабілетті, инновациялық және экспортқа бағытталған салаларды дамыту қажет.

Болжам

Фискалдық ынталандырудың біртіндеп азаюын ескерсек, жыл соңына қарай еңбек өнімділігінің өсімі баяулайды, дейді Halyk Finance.

Жаңа драйверлер пайда болмаған жағдайда, өнімділік көрсеткішінің төмендеу қаупі жоғары.