Маңғыстауда Бозжыра Сафари және басқа да ірі туристік нысандар салынады

Маңғыстауда Бозжыра Сафари және басқа да ірі туристік нысандар салынады

Туризм индустриясы комитеті «Маңғыстау туристік аймағын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекіту туралы қаулыны жариялады. Құжат «Ашық НҚА» порталында 2025 жылдың 10 ақпанына дейін қоғамдық талқылау үшін қолжетімді болады.

Жалпы, жоспарға 517 млрд 943 млн теңгеге 156 іс-шара енгізілген. Жобаларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 37 млрд 644 млн теңге, республикалық бюджеттен 204 млрд 299 млн теңге, басқа да қаржыландыру көздерінен 276 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Мәселен, өңірде «тұрақты туризмді дамыту» үшін олар «Каспий» ӘКК арқылы ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеуді қолға алмақшы. 2026-2029 жылдары бағдарламаға 500 млн теңге бөлінеді.

2027 жылдың өзінде Ақтаудағы «Жылы жағажай» ауданында жоспар бойынша көп функционалды қонақ үй мен туристік кешен, гольф клубы және виллалары бар гольф-қонақ үй пайда болады. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 94 млрд 300 млн теңгені құрайды.

2028 жылы Қарақия ауданында «Бозжыра Сафари» қонақ үй кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Қонақ үй құрылысына инвестиция көлемі 15 млрд теңгені құрайды. Айта кетейік, кеше Президент Бозжырада туристік нысан салумақ болған Үкімет белсенділерден аса алмай қалғанын айтып, батыл болуға шақырған.

Сол жылы Маңғыстау ауданында «Айрақты Сафари» қонақ үйі салынады, жобадағы инвестиция көлемі 3 млрд 500 млн теңгені құрайды.

2029 жылы Ақтауда құны 9 млрд 900 млн теңгені құрайтын сауықтыру кешені пайда болады.

Сондай-ақ олар 2 млрд 400 млн теңгеге Wyndham Garden Aktau 4* қонақ үй кешенін, 300 млн теңгеге Omir Apartments, 12 млрд теңгеге Aqualina Resort, 36 млрд теңгеге Town Center кешенін салады.

Сондай-ақ Бозжыра мен Тамшалы аумағындағы жаяу жүру маршруттары мен шолу алаңдарын абаттандыруға ЖСҚ әзірленетін болады. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен тиісінше 35 млн теңге және 15 млн теңге бөлінсе, аталған аумақтарды абаттандыруға 1 млрд теңге және 300 млн теңге бөлінбек.

Туризмді дамыту үшін Ақтау-Өскемен, Ақтау-Қарағанды, Ақтау-Қостанай, Ақтау-Атырау, Ақтау-Орал, Ақтау-Ақтөбе бағыттары бойынша жаңа ішкі субсидияланатын әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар кемінде 3 халықаралық чартерлік рейс ашылмақ. 

Сондай-ақ теміржол вокзалын қайта жаңғырту, «Сапа белгісі» сияқты көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша өңірлік бағдарламаны іске қосу, «Маңғыстау жерасты мешіттеріне» 3D виртуалды турларды дамыту жоспарлануда. 

Сонымен қатар, атақты ағартушы «Бекет ата» туралы деректі фильм түсіру жоспарлануда, оны жасауға жергілікті бюджеттен 20 млн теңге бөлінбек.

Облыста Каспий маңы елдерінің қатысуымен «Біз күн балаларымыз» халықаралық музыка фестивалі және түрлі байқаулар, соның ішінде Ocenman өтеді. Бұл ретте ирандық аудитория арасында Ақтауды насихаттау мақсатында маркетингтік науқан басталады. Оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 104 млн теңге қарастырылған.

Жоспарда Кендірлі курорттық аймағын дамыту үшін 201 млрд 424 млн теңгенің 38 жобасы жүзеге асырылатыны көрсетілген. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 14 млрд 639 млн теңге, республикалық бюджеттен 134 млрд 485 млн теңге, өзге де көздерден 52 млрд 300 млн теңге тартылмақ.