Freedom Ticketon платформасындағы билеттер сатылымы 2024 жылы екі есеге жуық өсті. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз шарасында Freedom Ticketon онлайн билеттерін сату қызметінің бас директоры Виктория Торгунакова мәлімдеді.
Спикер Қазақстандағы ойын-сауық нарығына шолу жасады. Өткен жылы қазақстандықтар барлық іс-шараға айына шамамен 11 801 теңге жұмсаған. Олардың ойын-сауыққа, мәдениет пен өнерге жұмсаған жалпы шығыны компанияның мәліметі бойынша 2024 жылы 73 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 16,1 млрд теңгеге және компания бір жыл бұрын болжаған көрсеткіштен 3,8 млрд теңгеге артық.
2024 жылы Freedom Ticketon платформасы алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе дерлік көп билет сатты – 2023 жылғы 2,9 млн-нан 2024 жылы 5,6 млн-ға дейін. Кәсіпорынның өткен жылғы тауар айналымы 25,4 млрд теңгеге жетті. Билеттерді сатып алу платформасын ең белсенді пайдаланушылары Астана (50,6%), Алматы (48,1%) және Қарағанды (33%) қалаларында. Транзакциялар саны бойынша жанр көшбасшысы болып кино (831 мың), одан кейін концерттер (700 мың) және театрландырылған қойылымдар (500 мың) тұр. Киноға ең жоғары қызығушылықты Павлодар (68,3%) және Шымкент (64,1%) қалаларының тұрғындары көрсетті, ал спорттық іс-шараларға қызығушылар Ақтөбеде (57,9%) көп.
Freedom Ticketon мәліметтері бойынша, 2024 жылы кинопрокат ойын-сауық нарығында жетекшілік етуді жалғастырып, жалпы кірістің 65,4% құраған. Одан кейін гастрольдік іс-шаралар (23,9%), театр қойылымдары (4,08%) және спорттық іс-шаралар (2,05%) жарлғастырады. 2023 жылмен салыстырғанда спорттық іс-шаралардың үлесі киноның пайдасына 4%-дан екі есеге дерлік қысқарыпты. Дегенмен, өткізілген іс-шаралардың 102% рекордтық өсімін көрсеткен спорттық іс-шаралар болды. Гастрольдік спектакльдер де 49%-ға өсті. Сонымен қатар, концерттік сегмент аздап төмендеген – өткен жылмен салыстырғанда 2% аз (2023 жылы 3155 болса, өткен жылы 3115). Концерттердің сапасы артқанын да айта кеткен жөн: шаралар ауқымы мен шақырылған әртістердің мәртебесі артты.
Отандық кино өз позициясын нығайтты: прокаттағы қазақстандық фильмдердің саны 2023 жылғы 72-ден 2024 жылы 103-ке дейін өсіп, нарықтың 20%-ын иеленді. Шетелдік фильмдердің басымдығына (80%) қарамастан, қазақстандық кино барлық кассалық кірістердің үштен бірінен астамын, 18,4 млрд теңге жинаған болса, шетелдік фильмдерден 29,2 млрд теңге түскен. Жалпы кірісте шетелдік фильмдердің үлесі 61%, отандық фильмдердің үлесі 39% болды. Жылдың ең көп табыс әкелген фильмі «Моана 2» (1,85 млрд теңге), екінші орында қазақстандық «Дәстүр» фильмі (1,72 миллиард теңге), үшінші орынды «Веном: Соңғы би» (1,70 млрд теңге) алды.
«Sold out» деп белгіленген іс-шаралардың ішінде Comic Con Astana 2024 фестивалі көш бастады – 38 879 билет сатылды. Екінші орын Димаш Құдайбергеннің Астанадағы концертіне бұйырды. Үздік бестікті футбол матчтары түйіндейді, оның ішінде «Ақтөбе» ФК «Қайсар» мен «Елімайға» қарсы ойындары, сондай-ақ Қазақстан құрамасы мен Норвегия арасындағы кездесу бар.
Виктория сонымен қатар биылғы жыл сайынғы Freedom Ticketon марапаттарына әсер еткен өзгерістер туралы айтты. «Жылдың шетелдік фильмі», «Жыл мультфильмі», «Жылдың гастрольдік оқиғасы», «Жыл блогері», «Жыл спортшысы» марапаттары алынып тасталды. Сарапшы марапат енді оны бағалайтындарға және салтанатты рәсімге қатысуға дайын адамдарға бағытталғанын атап өтті. «Жыл көрмесі», «Жыл мұражайы», «Жыл өнер нысаны» деген үш бөлімнен тұратын жаңа ART номинациясы бекітілді.
Дауыс беру механизмдері үш түрге бөлінеді: халықтық дауыс, кандидаттық дауыс және ұйымдастыру комитетінің шешімі. Халықтық дауыс беру бұрынғыдай марапаттау сайтында өтеді. Қазақстандықтар әр номинация бойынша бір дауыстан, күн сайын дауыс бере алады. Дауыс берудің соңғы аптасында интриганы сақтау үшін жалпы нәтижелер жасырылады. Осы жылдан бастап бұрын дауыс беруге қатыса алмаған үміткерлер промокод алады және дауыс берудің бірінші аптасында өз кандидатуралары бойынша дауыс бере алады. Алайда өздеріне дауыс беру мүмкіндігі жоқ. Ұйымдастыру комитетінің мүшелері дауыс беру басталған бірінші аптада промокодты пайдаланып дауыс береді. Олар барлық номинациялар бойынша жеңімпаздарды таңдауы керек.
Дауыстардың «салмағы» келесідей бөлінеді: жалпыхалықтық дауыс беру кезінде кандидат алған дауыстардың максималды нәтижесі 50 ұпайға тең болады. Үміткерлер мен қазылар алқасының дауыс беруінде ұпайлар пропорционалды түрде есептеледі: ұйымдастыру комитеті мүшесінің әрбір дауысы әрбір үміткер үшін тағы 15 ұпай қосады. Соңғы дауыстарды санауды марапаттың тәуелсіз аудиторлық тобы жүргізеді. Оның барлық мүшелері NDA-ға (жарияламау туралы келісім) қол қояды және жеңімпаздар марапатталғанға дейін олардың есімдерін жариялауға құқықтары жоқ.
«Біздің міндетіміз – дауыс беру нәтижелерінің шынайылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету. Біз әрбір дауыстың дұрыс есептелетініне және санау кезеңдері жоғары халықаралық стандарттарға сай келетініне кепілдік береміз. Бұл кез келген әділетсіздік қаупін және ықтимал даулы мәселелерді жояды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, аудиторлық компанияларды марапаттау рәсіміне шақыру ең ірі марапаттар мен байқауларда бұрыннан қалыптасқан. Бұл қатысушылардың, лауреаттардың, серіктестер мен көрермендердің марапат нәтижелеріне деген сенімін нығайтады», — деп атап өтті «Элит Аудит» аудиторлық компаниясының директоры және негізін қалаушы Аэлита Жапсарбаева.
Санақ аяқталғаннан кейін жеңімпаздардың тізімдері мүсіншелер жасау өндірісіне жіберіледі. Кейіннен мүсіншелер арнайы жәшіктерге салынып, мөрленеді. Салтанатты рәсімнің жүргізушісі оларды сахнада ашып, жеңімпаздардың есімдерін жариялайды.
Ұйымдастыру комитетінің міндеттері өзгеріссіз қалады: марапаттауды үйлестіру, оның ұйымдастырылуы мен адалдығына жауап беру. Олар ережелерді әзірлейді және бекітеді, дауыс беру кезеңдерін анықтайды және кандидаттарды таңдайды. Марапатқа үміткерлерге дауыс беру 3 наурызда басталып, 25 наурызға дейін жалғасады. Үміткерлерге сілтеме бойынша дауыс бере аласыз.
Жеңімпаздар сәуір айында Алматыда өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде жарияланады. Форматы мен орны қазірше құпия сақталуда.
«Үміткерлер мен қонақтар іс-шараның барлық жаңа бөліктерін бағалайтынына сенімдімін», — деп бөлісті Виктория.
Freedom Ticketon марапатын ұйымдастыру комитетінің мүшесі, драматург және «Оля ведет в театр» Telegram арнасының авторы Ольга Малышева Freedom Ticketon Awards марапатына атсалысқаны қуанышты екенін атап өтті.
«Мен «Театрлар» санатындағы лонг-листтерді құруға қатысып жатқаныма қуаныштымын, әсіресе соңғы премьералар немесе облыстық театрлардың спектакльдеріне қатысты. Өзім әртүрлі театр ұжымдарымен жұмыс істеймін және кәсіпқойлар үшін олардың еңбектерінің бағалануы, номинациялар бойынша дауыс беру және марапаттау рәсімдерінде кездесу қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Біз бір-бірімізге қаншалықты қызығушылық танытсақ, бізді қоршаған әлем соғұрлым кең және еркін болады», — деді ол.