Lada Granta қайтадан Қазақстанда құрастырыла бастайды

Lada Granta қайтадан Қазақстанда құрастырыла бастайды

Көлік құралдары типін мақұлдау тізілімінде Қазақстандағы Eurasia Tech зауытында Lada Granta моделін жергілікті құрастыруға қатысты құжаттар пайда болды. Сонымен қатар кәсіпорында Largus модельдер желісін шығару да жоспарланып отыр.

Жарияланған сертификаттау құжаттарына сәйкес, Қарағанды облысындағы Саран қаласында орналасқан зауытта мына нұсқалар құрастырылады:

  • Lada Granta седаны;
  • Lada Granta лифтбекі;
  • Lada Granta Cross лифтбекі.

Сарандағы өндіріс алаңы соңғы жылдардағы Қазақстандағы ең ірі жаңа автожоба саналады. Бұған дейін Lada Largus моделін жергілікті өндіруге қажетті құжаттар да рәсімделген болатын.

Алғашқы кезеңде қазақстандық Granta үшін тек бір қозғалтқыш сертификатталған:

  • көлемі – 1,6 литрлік атмосфералық бензин қозғалтқышы;
  • қуаты – 90 ат күші;
  • айналу моменті – 143 Нм;
  • беріліс қорабы – 5 сатылы механикалық трансмиссия.

Бұл қозғалтқыш Granta желісіндегі базалық нұсқа болып саналады және техникалық қызмет көрсету мен жөндеу шығындарының төмендігімен ерекшеленеді. Кейінірек кейбір модельдерге вариаторлы трансмиссия ұсынылуы мүмкін. Қазір бағасы:

  • жаңа Lada Granta седанының бағасы – 5,7 млн теңгеден;
  • лифтбек нұсқасының бағасы – 5,9 млн теңгеден басталады.

Қарағанды облысының Саран қаласында салынып жатқан Eurasia Tech кәсіпорны бірнеше брендтің көліктерін шығаратын жаңа өндірістік алаң болмақ.

Дәл осы жерде Қазақстан нарығына арналған Lada Granta және Lada Largus модельдерін шығару жоспарланған. Болашақта зауыттың жүктемесіне қарай модельдер қатары кеңеюі мүмкін.