Крипторезерв дағдарыста жедел пайдалануға икемді — Binance басшысы

Крипторезерв дағдарыста жедел пайдалануға икемді — Binance басшысы

Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Көшімовтің айтуынша, Қазақстанда цифрлық активтерді мемлекеттік резервке қосу бастамасы елдің қаржы жүйесін трансформациялауда маңызды кезеңге айналмақ. Оның пікірінше, бұл қадам цифрлық құралдарды алтын мен дәстүрлі валюталарға тең дәрежеде қарастыруға мүмкіндік береді.

Экожүйе қалыптастыру

Көшімовтің сөзінше, жаңа бастама тек криптовалюталарды жинақтаумен шектелмейді.

«Негізінде бұл толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған қадам. Мұнда мемлекеттік құрылымдар, жеке сектор және халықаралық серіктестердің әріптестігі шешуші рөл атқарады. Бұл өз кезегінде экономиканың тұрақтылығын күшейтеді; капитал тарту арналарының кеңеюіне ықпал етеді; Қазақстанды өңірлік финтех-орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

Крипторезервтің артықшылығы

Сарапшының пікірінше, крипторезерв алтын-валюта қорын толықтыратын қосымша құрал бола алады. Оның басты ерекшелігі – тез жұмылдырылуында.

«Бұл дағдарыс жағдайында қаржылық қауіпсіздікті жедел қамтамасыз етуге жол ашады», – дейді Көшімов.

Қаржы саласындағы жаңа бағыттар

Көшімов атап өткендей, крипторезерв құру бастамасы цифрлық теңгені енгізу, банк жүйесіне арналған жаңа заң жобасы және жоғары технологиялық салаларға инвестиция тартумен қатар жүреді.

«Бұл қадамдар Қазақстанды заманауи әрі бәсекеге қабілетті экономикаға жақындатады», – дейді сарапшы.