Каспий құбыр консорциумы (КҚК) нысандарына жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан мұнай экспортын қысқартты. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Мәжіліс кулуарында министр КҚК-ға жасалған шабуыл салдарынан елдің экспорттық мұнай көлемі шамамен 3,8 млн тоннаға азайғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол құбыр жұмысын қалпына келтіру барысы туралы айтып берді.
«Біз Біріккен Араб Әмірліктерінен екі жаңа шығарылатын айлақтық құрылғыға (ВПУ) тапсырыс бердік — олар дайын тұр. Жеткізу мерзімі — шамамен 30 күн. Қазір оларды кемелерге тиеп, Қазақстанға жөнелту мәселесі шешіліп жатыр. Одан кейін ескілерін демонтаждап, жаңаларын орнату жұмыстары жүргізіледі, бұл шамамен 40 күнді алады. Жалпы, екі жаңа құрылғыны орнатуға 70 күндей уақыт кетеді, содан кейін КҚК үш құрылғымен жұмыс істейді. Бір айта кететін жайт, «КҚК толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ» деген пікірлер қате. Негізгі есеп бойынша КҚК екі құрылғымен жұмыс істеуі керек, ал үшіншісі әрқашан қосалқы рөл атқарған. Сондықтан қазір КҚК толық қуатында жұмыс істеп тұр және тәулігіне екі танкерді толық тиейді. Қиын кезеңнен өттік», — деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде КҚК екі құрылғымен жұмыс істеп тұр, ал шабуылға ұшыраған ВПУ-2 жартылай су астында қалып, батып кеткен.
«Онда үлкен тесік пайда болды, ауа райының қолайсыздығына байланысты оның жүзу қабілетін қалпына келтіре алмадық және ішкі жүйелерінің техникалық күйін бағалай алмадық. Негізгі қиындық — ауа райы мен ішкі ағыстар», — деді министр.
Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумының Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалының әкімшілік корпусы дрон шабуылы салдарынан зақымданып, мұнайды экспортқа тиеу тоқтаған еді. Одан кейін бір күннен соң теңіз терминалында экспортқа мұнай тиеу қайта басталғаны хабарланды.
29 қарашада Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. ҚР Энергетика министрлігінің КҚК теңіз терминалындағы жағдайға арналған ресми түсініктеме беріп, мұнай экспорттауға КҚК-дан басқа жол іздеп жатқанын мәлімдеді.
13 қаңтарда Каспий құбыр консорциумының терминалына мұнай тиеуге бара жатқан екі мұнай танкеріне дрон шабуыл жасап, соққы берді. Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумының терминалына мұнай тиеуге бет алған MATILDA кемесі 2026 жылғы 13 қаңтарда дрон шабуылына ұшырады.