Көрші елдерден сұраныстың көбеюі еттің бағасын өсірді

Көрші елдерден сұраныстың көбеюі еттің бағасын өсірді

Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда ет бағасы Тәжікстан мен Өзбекстанның сұранысына байланысты өскенін айтты. Қазір нарықтағы жағдай біртіндеп тұрақтана бастады – еттің килосын 3300-3500 теңгеге сатып алуға болады.

Тәжікстан мен Өзбекстан Қазақстанның өңірлерінен етті көп сатып алды. Оған делдалдар да қосылып, сол сәттен бастап ет бағасы көтеріле бастады. Бұрын олар ірі қараның тірі салмағына килосын 1100-1300 теңгеден төлеп келген. Көрші елдердің көбейген сұранысынан кейін баға 1500 теңгеге дейін көтерілді.

«Қазір жағдай біртіндеп тұрақтануда. Мен өзім кеше ет жеткізумен айналысатындармен сөйлестім. Бағасы килосы 2700 теңгеден басталып, 3300 теңгеге дейін барады, бір жерден 3500-ден таба аласыз. Жалпы ет жеткілікті, жетеді», — деді министр.

Сапаров еттің көтерме бағасына жауапты болғандықтан баға болжамын айтпады. Нарықтағы бағаға қатыстының барлығын Сауда министрлігі реттейді.