Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы болжауынша, келесі жылы АҚШ доллары бағамы 573 теңгеге жетуі мүмкін, бұл алдыңғы болжаммен салыстырғанда (548,5 теңге) айтарлықтай жоғары.
Сондай-ақ, талдаушылар бір ай ішіндегі теңге бағамы бойынша болжамды сәл нашарлатып, 523,4 теңгеден 541,7 теңгеге дейін көтерген. 8 тамыз, жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша орташа өлшенген бағам 539,81 теңге болды.
Қауымдастық хабарлауынша, ұлттық валюта бағамына қатысты болжамдардың нашарлауына мынадай факторлар әсер еткен:
- Негізгі экономикалық көрсеткіштерге сүйенбеген валюта нарығындағы жоғары құбылмалылық;
- Сауда балансының профициті төмендейді деген болжам;
- Шетел валютасына ішкі сұраныстың артуы;
- Шикізат нарығындағы баға тұрақсыздығы.
Валюта болжамының қайта қаралуы инфляцияға қатысты алаңдаушылықтың күшеюімен қатар жүрді: тамызда жылдық инфляция болжамы 10,4%-дан 11,3%-ға дейін өсті. Бұл бағаның өсу қарқынының жеделдеуі мүмкін деген қауіптен туындаған. Оған салықтардың көтерілуі, бизнестің тасымал, логистика, шикізатқа кеткен шығындарды тұтынушыларға жүктеуі, сондай-ақ теңгенің әлсіреуіне байланысты импорттық тауарлардың қымбаттауы себеп болуы мүмкін.
Осы факторлардың жиынтығы Ұлттық банкті қатаң ақша-несие саясатын сақтауға және инфляциялық қысымды шектеу үшін нақты оң пайыздық мөлшерлемені қамтамасыз етуге мәжбүр етуі мүмкін. Алдағы жылға базалық мөлшерлеме болжамы 14,75%-дан 15,25%-ға көтерілді. Бұл ретте нақты мөлшерлеме қазіргі 4,7%-дан 4,9%-ға дейін өсуі мүмкін.