2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы көрсеткендей, Қазақстан 2025 жылғы күрт артқан шығындардан кейін мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке инвестиция салудың теңгерімді моделіне көшіп жатыр, деп жазады Ален Серік.
2025 жылы бұл топ бойынша жалпы көлем 278 млрд теңге болса, 2026 жылы шығындар 231,8 млрд теңге, 2027 жылы 225,7 млрд теңге, ал 2028 жылы 229,3 млрд теңге деңгейінде жоспарланған.
2025 жылғы шығындармен салыстырғанда азаю басымдықтардың қысқаруы емес, керісінше, ірі іс-шаралар мен инфрақұрылымнан сапаға, тиімділікке және қоғамға әсер етуге бағыттың ауысуынан болып отыр.
Спорт саласы
2025 жылы жоғары жетістіктер спортына 123,8 млрд теңге, 2026 жылы — 65,2 млрд теңге, 2027 жылы — 72 млрд теңге, 2028 жылы — 80,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл қысқарту емес, спорттық әлеуетті жүйелі басқаруға көшу.
Қаржы келесі мақсаттарға жұмсалады: ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстарға дайындау және қатыстыру; республикалық және халықаралық турнирлер өткізу; медициналық тексерулер, алдын алу және сауықтыру бағдарламалары; антидопингтік талдаулар; жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру; еңбегі сіңген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы төлемдер.
2025 жылы Қазақстан спортшылары халықаралық турнирлерде 772 медаль жеңіп алуды жоспарлап отыр. Спорт нысандарының жүктемесі 87%, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен жүйелі шұғылдану үлесі 19%, ұлттық құрамалардың медициналық тексерумен қамтылуы 59,8% болады.
2026 жылы халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылардың үлесі барлық құрамалар санының 35,7%, ал 2027–2028 жылдары 38,2% жетеді. Бұл көрсеткіштер спорттың әлеуметтік бағытын сақтай отырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға деген тұрақты ұмтылысты білдіреді.
Ақпараттық саясат
Мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға 2025 жылы 66,9 млрд теңге, 2026 жылы — 67,2 млрд, 2027 жылы — 66,7 млрд, 2028 жылы — 65,6 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландырудың тұрақты жоғары деңгейі ақпараттық егемендік пен ұлттық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігінің стратегиялық маңызын көрсетеді.
Қаражат мыналарға бағытталады: телерадио хабар таратуға, интернет-ресурстар мен баспа басылымдарына мемлекеттік тапсырыс орналастыру; қазақстандық БАҚ арасындағы бәсекелі ортаны дамыту; мемлекет пен халық арасындағы коммуникация тиімділігін арттыру.
Нақты нәтижелер: азаматтардың мемлекеттік саясаттың БАҚ-тағы көрінісіне қанағаттану деңгейі 2025 жылғы 69,2%-дан 2028 жылы 69,5%-ға дейін өседі; отандық медиаконтентке сұраныс 70,2%-дан 70,5%-ға дейін артады.
Сонымен қатар «Qazaqstan», «Balapan», «Хабар» арналары TNS Central Asia рейтингінің ТОП-10 тізімінде өз орнын сақтап отыр. Бұл көрермен сенімінің жоғары деңгейін дәлелдейді. Осылайша Қазақстан сапа мен көрермен қатысуына бағытталған тұрақты медиақоғам қалыптастыруда.
Мәдениет және өнер
2025 жылы мәдениет және өнер саласына 55,7 млрд теңге, 2026 жылы — 66,8 млрд, 2027 жылы — 54 млрд, 2028 жылы — 49,8 млрд теңге бөлінеді.
Бұл қаражат мәдени бірегейлікті нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және шығармашылық секторды қолдауға бағытталады.
Негізгі бағыттар: ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу; қазақ халқының тарихи-мәдени мұра объектілерін жинақтау және жүйелеу; Ұлттық кітапхана, Ұлттық академиялық кітапхана, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана және Кітап палатасын ұстау; архив құжаттарын сақтау және елдің бес орталық архив мекемесін қамтамасыз ету; әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығару және тарату; жазушылар мен өнер саласы қызметкерлерін ынталандыру; ұлттық фильмдер шығару және қазақ тіліне дубляж жасау.
Нәтижелер көрсеткіштері: ұлттық кітап қорының 45%-ы 2025 жылы цифрлық форматқа көшіріледі; мемлекеттік архивтердегі құжаттар көлемі 27,6 млн сақтау бірлігін құрайды; ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінде – 16 нысан; отандық фильмдердің үлесі – 25%, қазақ тіліндегі фильмдер – 20%; ескі фильмдерді қалпына келтіру үлесі – 6,95%.
2026 жылға қарай мәдениет пен ақпарат саласындағы қанағаттану деңгейі 73,08%, 2028 жылы 73,74% болады. Бұл тек мәдени ұсыныстың кеңеюін емес, мемлекеттік мәдени саясатқа деген сенімнің артуын білдіреді.
Бір қарағанда, шығындар азайған сияқты: 2025 жылы 278 млрд теңгеден, 2026 жылы 231 млрд теңгеге дейін. Бірақ бұл сандардың артында сапаға және тиімділікке негізделген жаңа басқару логикасы тұр.
Қаржылық басымдықтар: институционалдық тұрақтылық (кітапханалар, архивтер, киноиндустрия, спорт); цифрландыру және қолжетімділік (электронды қорлар, онлайн-қолжетімділік, медиаконтент); әлеуметтік қамту (баршаға арналған спорт, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды тарту, мәдениетке тең қолжетімділік).
Қазақстан адам капиталының жаңа инфрақұрылымын қалыптастыруда, мұнда мәдениет, ақпарат және спорт ұлттық бірегейліктің және экономикалық өсімнің өзара байланысты элементтеріне айналуда.
Бюджет талдауы көрсеткендей, Қазақстан материалдық емес капиталдың тұрақты дамуына басымдық беріп отыр. Спорт, мәдениет және ақпарат салаларын қаржыландыру — шығын емес, елдің әлеуметтік бірлігіне, білім мен имиджіне салынған инвестиция.
Бағдарламаларды іске асыру келесі нәтижелерге жеткізеді:
1. Экономикалық әсер — ішкі туризмнің, креативті индустриялар мен медиа нарықтың дамуы.
2. Әлеуметтік әсер — азаматтардың, әсіресе жастардың мәдени және спорттық өмірге белсенді қатысуы.
3. Ақпараттық әсер — мемлекеттік институттарға сенімнің артуы және бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы.
4. Имидждік әсер — Қазақстанды мәдени бірегейлігі мен тұрақты дамуы бар ел ретінде таныту.
Осылайша, 2025–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет мәдениет, спорт және ақпарат саласында саннан сапаға көшудің жаңа парадигмасын көрсетеді. Бұл модель әлеуметтік саясаттың басқа бағыттары үшін де үлгі бола алады — мұнда басты нәтиже жұмсалған қаражат көлемімен емес, азаматтардың сенімімен, қатысуымен және елге деген мақтаныш сезімімен өлшенеді.
Айта кетсек, бұған дейін «Ақпараттық» квазимемлекеттік компаниялардың басшылары мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы сапасына жауапты болатынын хабарланған еді. Қазақстанда ақпарат саласындағы квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының мемлекеттік тапсырманы орындау шарттарында белгіленген тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізбегені үшін жауаптылығы енгізілді. Бұл шара Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша қабылданды.