Осы жылдың 10 айында Қазақстанда азық-түлік өңдеу саласында оң динамика байқалды. Азық-түлік өндірісі 1,1% өсіп, 2,7 трлн теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатында «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» мәселесіне арналған парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министр бірқатар азық-түлік өнімдерінің өндірісінде айтарлықтай өсім бар екенін атап өтті.
Мәселен, 80,6 мың тонна жарма (77%), 604 мың тонна өсімдік майы (10,1%), 41,1 мың тонна ірімшік пен сүзбе (9,9%), 200,3 мың тонна ашытылған сүт өнімдері (5,2%), 58,6 мың тонна шұжық өнімдері (3,4%), 27 мың тонна сары май (2,8%) өндірілген.
Өңдеуді дамыту бойынша кешенді жоспар аясында ет, сүт, күріш, жүгері, күнбағыс және қарақұмық сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
2028 жылға қарай азық-түлік өндірісі көлемі 4,5 трлн теңгеге дейін өседі.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 12,7% өсті. Мәселен, ұн бойынша қамтамасыз ету деңгейі халық сұранысынан 2,4 есе, күріш пен күнбағыс майы бойынша – 1,7 есе жоғары, ал қой еті – 106%, сиыр еті – 101% деңгейінде.
Министр атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі индикаторлар мен міндеттер Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2030 жылға дейінгі АӨК дамыту тұжырымдамасы және ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2028 жылға дейін екі есе арттыруға арналған Жол картасы сияқты стратегиялық құжаттарда көрсетілген.
«Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша салада оң динамика байқалады. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 12,7% өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығында өсім 18,8% немесе 4,5 трлн теңге, ал мал шаруашылығында 3,3% немесе 2,6 трлн теңге болды», – деп министр негізгі көрсеткіштерді атап өтті.
Министр биыл дәнді дақылдардың рекордтық өнім бергенін еске салды: 26,7 млн тонна астық жиналды, бұл 2023 жылғы деңгейден 1,5 есе жоғары. Өндірістің өсуі күріш, қарақұмық, майлы дақылдар мен картоп сияқты басқа да негізгі дақылдар бойынша да байқалды.
Мәселен, майлы дақылдардың жалпы өнімі 3,2 млн тоннаны құрап, өткен жылғы деңгейден 46% өсті. Күріштің жалпы өнімі 2023 жылмен салыстырғанда 16%, қарақұмық – 42%, күнбағыс тұқымы – 35% артты. Картоп 2,9 млн тонна жиналды, бұл 40% өскенін көрсетеді.
Сойылған ет өндірісі 4,4% өсіп, 889,0 мың тоннаны құрады, оның ішінде сиыр еті – 6,2%, құс еті – 10,3% артты. 3,1 млн тонна сүт (4,2%) және 3,8 млрд. тауық жұмыртқасы өндірілді. Сүт-тауарлы фермаларда орташа сүт өнімділігі 7,4% өсті.
«Саланың табысты дамуы тиісті жем-шөп базасын қамтамасыз етусіз мүмкін емес. Биыл 35,2 млн тонна шөп дайындалып, бұл бір жарым жылдық қорды құрады. Қалған жем-шөп түрлері бойынша қажеттіліктің 111%-ы қамтамасыз етілді. Бұл көлемдер ауыл шаруашылығы жануарларын қыс мезгілінде тұрақты азықтандыруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.