Jusan Mobile цифрлық мобильді операторымен ынтымақтастық туралы келісімнің тоқтатылуына байланысты «Jusan Mobile» тарифтік жоспарына қосылған барлық абоненттер 2025 жылғы 20 наурыздан бастап Tele2-ге ауысады, деп хабарлайды «Мобайл Телеком-Сервис».
«Барлық клиентке «Тиімді 3 590» тарифі қосылады, алайда сіз рұқсат етілген тарифтердің ішінен басқасын қоса аласыз», — делінген хабарламада.
Jusan Mobile компаниясы Jusan Ventures және JV Holding Ltd арқылы Ғалымжан Есеновке тиесілі. Есенов сонымен қатар Jusan Bank акцияларының 97,53%-на (банк акцияларының 19,67%-ын тікелей және First Heartland Securities арқылы 77,86%) ие.
Ал Tele2 мен Altel (заңды тұлға атауы «Мобайл Телеком-Сервис») 2025 жылдың 14 қаңтарынан бастап Qatar Power International холдингіне тиесілі. Бұған дейін 100% «Қазақтелекомға» тиесілі болатын.