Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов еңбек саласындағы басты мәселелердің бірі – көлеңкелі экономика екенін мәлімдеді. Қазақстандық жұмыспен қамтылған азаматтардың 30%-ы зейнетақы жарналарын төлемейді.
Бұл туралы вице-министр Үкімет отырысында айтты. Оның сөзінше, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (олардың саны 2,1 млн адам) ресми тіркелуден жалтарып, көлеңкелі салада қалып отыр.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша, жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 30%-ы зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Жекелеген салаларда еңбек нормативтерінің болмауы да көлеңкелі жұмыспен қамтуды сақтап қалуға ықпал етеді», — деді Асқар Биахметов.
Көп адам бейресми түрде жұмыс істеуді таңдайды, ал бұл болашақта оларды зейнетақысыз қалдыруы мүмкін. Вице-министр көлеңкелі секторды заңдастыру және қызметкерлерді цифрлық экономикаға бейімдеу қажеттігін атап өтті.
Асқар Биахметов атап өткен өзге де мәселелер қатарында – кейбір мамандықтардың өзектілігін жоғалтуы, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылары бар кадрлардың тапшылығы, еңбекақы деңгейінің жеткіліксіз бәсекеге қабілеттілігі бар.
Сондай-ақ, өңірлік теңгерімсіздік бар: оңтүстікте жұмыс күші артық болса, солтүстікте керісінше, жетіспеушілік байқалады. Жұмыс істейтін қазақстандықтар ірі қалаларда шоғырланып, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымына салмақ түсіруде.
Бұған қоса, туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты 2035 жылға дейін еңбек нарығына жыл сайын келетін жастар саны 360 мың адамға дейін артады. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді.